Браконьерлерге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қылмыстық кодексінде браконьерлік үшін бас бостандығынан айырудың нақты мерзімдері ғана қарастырылуы тиіс. 

Браконьерлерге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленуі мүмкін

Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Браконьерлікпен күресті күшейту мақсатында үстіміздегі жылы аңшылық қарудың саны 1 аңшыға шаққанда 10 бірліктің орнына 4-еуге дейін заңнамалық тұрғыда шектелді. Көктемгі аңшылыққа тыйым салынды және табиғаттан алынатын жабайы құстың саны бір қолға шаққанда тәулігіне 5 дараққа шектелді. Оң нәтижелер қазірдің өзінде байқалады, сондықтан осы тыйым салу шарасының мерзімін 5 жылға дейін ұзарту керек деп есептейміз», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, мемлекеттік ұйымдардың өздерінің инспекторлар құрамының арасында сыбайлас жемқорлық көріністерін тыю үшін биыл маусым айында министрдің тікелей бағынысындағы «Сапсан» жедел тобы құрылған. Оның қызметі нәтижесінде үстіміздегі жылдың 5 айы ішінде-ақ табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 16 фактісі анықталып, олардың материалдары құқық қорғау органдарына берілді.

«Құқық қорғау тәжірибесін талдау оның браконьерлерге жеңіл-желпі қарайтынына айғақ болады. Осыған байланысты мынаны ұсынамыз: Бірінші   - Қылмыстық кодексте браконьерлік үшін шартты мерзімдерге жауапқа тарту мүмкіндігі жойылсын, браконьерлік үшін бас бостандығынан айырудың нақты мерзімдері ғана қарастырылсын. Екінші - қылмыс құралдарын міндетті түрде тәркілеу енгізіліп, кейіннен олар  мемлекеттік органдардың теңгеріміне немесе жойылуға берілсін. Үшінші - күзет жүйесіне заманауи техникалық құралдарды - дрондар мен спутниктік мониторингті пайдалану енгізілсін. Бұл ұсыныстар браконьерлік проблемалары бойынша Бас прокуратурада өткен кеңесте қаралып, қолдау тапты», - деді Ерлан Нысанбаев.