Браконьерлерге қарсы «Бекіре» акциясына 1200 қызметкер тартылады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Батыстағы үш өңірде браконьерлерге қарсы «Бекіре» акциясына 1 200 қызметкер тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахияновтың мәліметінше, кеше, 1 сәуірде Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре-2023» кең ауқымды балық қорғау акциясы басталды. Браконьерлерге қарсы акцияға 1 200 қызметкер тартылады.

«Бұл акция – бекіре тұқымдас балықтар ресурсын уылдырық шашу кезеңінде қорғау үшін күшейтілген іс-шара. Кең ауқымды акция бекіре және басқа да балық түрлерін сақтау, оның көбеюіне жол ашу мақсатын көздейді. Биыл негізгі күштер Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясына және Атырау облысы шегіндегі Жайық және Қиғаш өзендерінің су айдындарында шоғырланады.

«Бекіре» акциясы кезінде батыстағы үш облыстың аумағында табиғат қорғау іс-шараларына құқық және табиғат қорғау органдарының 1 203 қызметкері тартылады. Оның ішінде 822 қызметкер Атырау облысында қызмет атқарады. Олар 66 қайық және шағын жүзу құралдарымен, сонымен қатар 145 автокөлікпен қамтамасыз етіледі. Жайық өзенінің жағалауында балық аулау заңнамасын бұзушылықты тіркейтін 17 бейнекамера жұмыс істейді. Ал, шекара қызметі үш жағалаудағы радиолокациялық станцияны іске қосады», - деп мәлім етті Аян Бахиянов.

Оның айтуынша, өткен жылдардағы балық қорғау акциясының нәтижелері көктемгі науқан кезеңінде браконьерлік топтардың қызметі жандана түскенін көрсеткен. Мәселен, «Бекіре-2021» акциясы барысында Атырау облысының аумағында 952 заң бұзушылық анықталған. Ал, былтыр көрсеткіш 820 заң бұзушылық тіркелген.

Еске сала кетелік, бұған дейін еліміздің батысында «Бекіре» балық қорғау акциясы басталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар