Браконьерлермен күрес жалғасады - Нұрлан Ноғаев

АСТАНА. АТЫРАУ - ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдегі браконьерлермен күрес туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Браконьерлермен күрес жалғасады - Нұрлан Ноғаев

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер браконьерлерден түсетін анонимді қоңыраулар мен қорқытып-үркітулер туралы сұрақ қойды.

«Бүгінде Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, әкімдік, Ауыл шаруашылығы министрлігі және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Өзара іс-қимыл жоспары түзілді. Жыл сайын жүйелі жүргізілген шаралар өз нәтижесін беріп жатыр. Өткен жылы Жайық өзенінің Каспий теңізіне жақын бөлігінде Жанбай кенті мен Қиғаш өзені маңында жүздеген тіркелмеген қайықтар табылатын. Қазір мұндай жағдай жоқ», - деді Нұрлан Ноғаев.

Әкім мұның барлығы мемлекеттік органдардың бірлесіп жұмыс істеуінің нәтижесі екенін еске салды.

«Алдағы уақытта да бұл жұмыстарды жалғастыртырамыз және балық өнеркәсібінде оң өзгерістер бар деп есептейміз. Балық аулауда өткен ғасырдағыдай табыстарға жету үшін Үкімет тереңдетілген жұмыстарға қаражат бөліп, балық шаруашылығындағы қайта өңдеуді дамыту керек. Бұл жұмыстар да өз септігін тигізеді», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.