Бразилия футбол академиясында 3 жылдан астам уақыт жаттыққан қазақстандық түлектер елге оралады - Е. Қанағатов

Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта Бразилияда тәжірибе мен шеберлік шыңдап қайтқан жігіттерді қазақстандық клубтарға орналастыру жайы қаралуда.
«Бюджеттік қаражат жұмсалғандықтан, біз олардың шеберліктерінің одан әрі жетілуін тоқтатпай, жұмсалған күш-жігерді зая кетірмеуге тиіспіз. Қазіргі уақытта елорда әкімдігі «Астана» командасын жасақтау үстінде. Аталмыш ойыншылардың негізгі бөлігі сол командаға қосылуы мүмкін, қалған футболшылар басқа клубтардың сапын толтырады деп ойлаймын», - деп атап өтті Е. Қанағатов.
Комитет төрағасының атап өткеніндей, бүгінде келесі 3 жылдық оқуға аттанатын жас футболшылардың жаңа легін жасақтау жұмыстары басталып кетті.
Футбол саласын дамыту жөніндегі алғашқы әріптестік 2007 жылы ҚР Президенті Н. Назарбаев пен Бразилия Басшысы Луис Инасио Лула да Силва арасында Қазақстанның жасөспірімдер футболын дамытуға көмектесу келісімі кезінде қол жеткізілген болатын.
Келісімнің негізінде 2009 жылы 4 наурызда 26 жас спортшы Бразилияға оқуға аттанып кетті. Олар «Оле Бразил» мектебінде футбол сабақтарынан бөлек, жалпы білім беру бағдарламасының пәндерін оқып шықты. Отандастарымыз мектеп атынан түрлі жарыстарға шығып жүрді және 9 айдың ішінде барлық турнирлерде жеңіске жетіп, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Рауан Сариев пен Берік Шайхов «Оле Бразил» клубының жасөспірімдер құрамасына енді. Кейін 17 жасар Рауан Сариевті Бразилияның жоғарғы лигасындағы адуында клубтың бірі «Атлетико Минейро» 3 жылға өз қатарына алып алды.
ҚР Туризм және спорт министрлігі қазақстандық балаларды Сан-Паолодағы «Оле Бразил» академиясында оқыту үшін 83 млн. теңге бөлген болатын.