Бразилия ғалымдары Зика безгегіне қарсы вакцина ойлап таппақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бразилия Денсаулық сақтау министрлігі Зика безгегінің бетін қайтаруға белгілі ғалымдарды жұмылдырып, бір жыл ішінде індетке қарсы екпе ойлап таппақ, деп хабарлады www.24.kz.

Бразилия ғалымдары Зика безгегіне қарсы вакцина ойлап таппақ

Осы мақсатта АҚШ-тың Техастағы зерттеу орталығымен келісім жасасып, Ауруларды бақылау және алдыналу орталығымен бірлесе жүзеге асырмақ. Жобаға Эболаға қарсы вакцина жасауға атсалысқан GlaxoSmithKline компаниясын тарту да көзделіп отыр. Ал соңғы ақпарат бойынша Бразилияда безгектен 3 адам көз жұмған. Вирустың аяғы ауыр ана құрсағындағы нәрестеге де қауіпті екені белгілі болды. Сондықтан қазір жергілікті билік тұрғындарға зиянкес масадан қалай қорғану керектігін жаппай үйретуге көшті.

«Алға қойған мақсатқа жету үшін біраз уақыт кетеді. Бірақ біздің мамандар өздеріне сенімді. Олар Зика індетіне қарсы вакцинаны біз ойлағандай 4-5 жылда емес, 1 жылдың ішінде жасап шығаруға болады дейді. Жақын күндері америкалық 15 ғалым келіп, біздің мамандармен бірге емдік екпені жасауға кіріседі», - деді Бразилияның Денсаулық сақтау министрі Марсело Кастро.