Бразилия-Германия матчының есебін дәл болжаған футбол фанаты ақшасын еселеп алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Англияда футбол фанаттарының бірі Бразилия-Германия матчының алдында ойын тағдыры 1:7 есебімен аяқталатынын дәл болжап, бәс тіккен, деп хабарлайды Telegraph агенттігі.
Сейсенбі күні әлем чемпионатының жартылай финалында Бразилия дәл сондай есеппен Германияға жол берген болатын. Айта кетейік, бұл - пентакампеондардың тарихындағы ең ірі жеңіліс. Эссекс ағылшын графтығында тұратын жанкүйер небәрі 5 фунт стерлинг тігіп, 2505 фунт ұтып алды. Ол кезде бұл есептің коэффиценті 500/1 болған. Енді Германия финалда не Аргентина, не Нидерланды құрамасымен кездеседі.