Бразилия полициясы әйгілі «Ламбада» әнінің орындаушысын өлтіруі мүмкін күдіктіні ұстады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бразилия полициясы 1989 жылы ерекше танымал болған «Ламбада» әнінің орындаушысы Лоалва Бразды өлтіруі мүмкін деген күдіктіні қолға түсірді. Әзірге аты-жөні кім екені айтылмай отырған ер азамат өзінің жасаған қылмысын мойындап отыр, деп жазады utro.ru.
Осы уақытта полиция қызметкерлері оқиға болған орында тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кісі өлтіру әрекетінің себеп-салдарын нақтылануда.
Әншінің қатты күйік шалған денесі 19 қаңтардың түнінде оның иелегіндегі қонақ үй маңындағы көлігінен табылды.
Куәгерлердің айтуларынша, түнде 2 немесе 4 адам әнші мен қонақ үйге келушілер тұрып жатқан үйге кірген. Алдын ала мәліметтер бойынша, қылмыскерлер әншіні көлікке күштеп отырғызып, оны өртеп жіберген. Артынан олар ғимаратты да өртеген.
Лоалва Браз 1953 жылы Рио-де-Жанейрода туған, кейінірек ол Францияға көшіп барып, Kaoma поп-тобының әншісі болған. 1989 жылы аталмыш топ «Ламбада» әнін жазып, ол әлемдегі хит-парадтарда танымал әндердің қатарынан орын алды.