Бразилия президенті 75 жастағы банкирді қаржы министрі етіп тағайындады

АСТАНА. KAZINFORM – Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва Bradesco банкінің директорлар кеңесінің төрағасы Луис Карлос Трабукуды қаржы министрі етіп тағайындады. Бұл шешімнен кейін елдің қор нарығы өсіп, ұлттық валюта нығайды, деп хабарлайды Euronews агенттігі.

Бразилия президенті 75 жастағы банкирді қаржы министрі етіп тағайындады
Фото: Азертадж

Трабуку жаңа қызметіне 2027 жылғы 5 қаңтарда кіріседі. Инвесторлар тәжірибелі банкирдің тағайындалуын үкіметтің бюджет тәртібін сақтауға ниетті екенінің белгісі ретінде қабылдады.

Жаңалық жарияланғаннан кейін Сан-Паулу қор биржасы 6 пайызға өсті. Ал реалдың долларға шаққандағы бағамы 25 қарашадағы 5,88-ден 27 қарашаға қараған түні 5,54-ке дейін нығайды.

Луланың бюджет саясаты оның кейбір жақтастарының наразылығын туғызып отыр. Олар мемлекеттік шығындарды қысқарту денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларына кері әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді. Сонымен қатар елдің мемлекеттік қарызы президент билікке келгеннен бері ЖІӨ-нің 82,9 пайызына дейін өскен.

Трабукуды тағайындау биліктің жақтастары мен саяси қарсыластары тарапынан сынға ұшырады. Солшыл депутат Глаубер Брага бұл шешім Луланың бұрынғы мәлімдемелеріне қайшы екенін айтты. Ал президент сайлауында жеңілген Флавиу Болсонару оны мемлекет басшысының экономиканы дамыту жоспары жоқтығының белгісі деп бағалады.

75 жастағы Трабуку Бразилияның жеке банк секторындағы танымал басшылардың бірі саналады. Ол 17 жасында Bradesco банкінде әкімшілік қызметтен бастап, кейін атқарушы директор болған. 2009–2018 жылдары осы қызметті атқарып, одан кейін директорлар кеңесін басқарды.

Айта кетейік, бұған дейін Бразилия бес күндік жұмыс аптасына көшетінін жазып едік.