Бразилия Президенті 2014 жылғы футболдан әлем чемпионатына арналып жаңартылған алғашқы стадионды салтанатпен ашты

АСТАНА. 17 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бразилия Президенті Дилма Роуссефф жексенбі күні 2014 жылы футболдан әлем чемпионаты және 2013 жылы Конфедерация Кубогы ойындары өтетін толық жаңартылған алғашқы стадионды салтанатпен ашты, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

Бразилия Президенті 2014 жылғы футболдан әлем чемпионатына арналып жаңартылған алғашқы стадионды салтанатпен ашты

Елдің солтүстік-шығысындағы Сеара штатының орталығы - Форталезада «Кастелан» стадионының алаңында мемлекет басшысы алғашқы символдық доп тепті.

Жергілікті ойын жанкүйерлері мен білгірлері Бразилия тарихындағы алғашқы әйел-президенттің соққан добы онша мықты болмағанына пәлендей мән берген жоқ. Ірі оңтүстікамерикандық елде онсыз да футбол добын дөңгелетіп әкететін шеберлер жеткілікті.

«Кастелан» әлемдік біріншіліктер алаңдарына ФИФА қоятын талаптарға толық сай келеді. 1973 жылы салынған стадионды жаңғыртуға 250 млн. долларға жуық қаржы жұмсалды. Әлем чемпионаты кезінде стадион мінберіне 65 мың жанкүйер сияды. Кейінірек баспасөз өкілдеріне арналған орындарды ықшамдау арқылы орын санын 67 мыңға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

«Бразилия Конфедерация Кубогы мен әлем чемпионатына әзірліктің шешуші кезеңіне аяқ басты», - деп атап көрсетті Роуссефф «Кастелан» спорт аренасының ашылу салтанатында. 15 сәуірге - Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясы (ФИФА) белгілеген ең соңғы мерзімге дейін -   Конфедерация Кубогы өтетін барлық алты стадион әзір болуы тиіс. Алдағы аптаның ішінде Белу-Оризонтидағы стадион әзір болады. Наурыздың соңына дейін Рио-де-Жанейрода, Бразилиада, Ресифи мен Сальвадорда жаңа футбол стадиондарының ашылу салтанаттары өтеді.