Бразилия президентін таңдауда: Лула мен Болсонару арасындағы тартыс
АСТАНА. KAZINFORM — Жексенбі күні Бразилияда президент сайлауы өтіп жатыр. Оның қорытындысы елдің солшыл бағыттағы билікті сақтайтынын немесе АҚШ президенті Дональд Трамп қолдайтын консервативті оңшыл бағытқа бет бұратынын айқындауы мүмкін, деп хабарлайды Еuronews.
Қазіргі мемлекет басшысы, солшыл қозғалыстың 80 жастағы ардагері Луис Инасиу Лула да Силва президенттікке төртінші рет, өзі атап өткендей, соңғы мерзімге сайлануға талпынып отыр.
Ол Дональд Трамп әкімшілігінің қысымына байланысты Бразилияның егемендігіне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді.
Ал оның басты қарсыласы — 45 жастағы сенатор Флавио Болсонару бұл мәселеде мүлде басқа ұстанымда. Бразилияны 2019-2022 жылдары басқарған Жаир Болсонарудың ұлы Флавио Болсонару Вашингтонмен қарым-қатынасты жақтаушы ретінде танылып, Ақ үймен жақындығын атап көрсетеді. Сондай-ақ ол Бразилияға Трамп әкімшілігімен, әсіресе сирек кездесетін минералдарды өндіру саласында тиімді келісімдер қажет деп санайды.
Сауалнамаларда екі кандидаттың арасындағы айырмашылық аз болған. Сауалнамалардың бірінде Лула да Силваны 45%, ал Болсонаруды 43% респондент қолдаған.
Саясаттанушылардың пікірінше, кандидаттардың ешқайсысы 50 пайыздан астам дауыс жинай алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда 25 қазанда сайлаудың екінші кезеңі өтеді.
Сонымен қатар бразилиялықтар жексенбі күні 27 штаттың губернаторларын, заң шығару жиналыстарының депутаттарын, федералдық төменгі палатадағы 513 депутаттың барлығын және 54 сенаторды сайлайды.
Бразилияда дауыс беру — міндетті. Сайлау учаскесіне келмеген азамат не үшін бармағанынн түсіндіруі тиіс.
Бұған дейін хабарланғандай, сенатор Флавио Болсонару Бразилия президенттігіне Либералдық партиядан ресми түрде кандидат ретінде ұсынылды.