Бразилияда Болсонару жақтастары президент сарайы мен конгресс ғимаратына басып кірді

БРАЗИЛИА. ҚазАқпарат – Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонарудың жүздеген жақтасы елдің Ұлттық конгресіне баса көктеп кірген. Полиция көз жасаурататын газ қолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Бразилияда Болсонару жақтастары президент сарайы мен конгресс ғимаратына басып кірді

Олар сондай-ақ Жоғарғы сот ғимаратына және президент сарайына кірген. Шабуыл үш сағатқа созылды, кейін оның қатысушыларын полиция ұстап әкетті.

Бразилия парламенті мен басқа да үкіметтік ғимараттарға шабуыл елдің жаңа президенті Лула да Силваның инаугурациясынан кейін бір апта өткен соң жасалды.

Болсонарудың жақтастары оның сайлаудағы жеңілісін мойындаудан бас тартып отыр.

Қазіргі таңда жұмыс сапарымен Сан-Паулу штатында жүрген Луис Инасиу Лула да Силва бүлікшілерді «вандализм мен фашизм әрекетін» жасады деп мәлімдеді. Оның айтуынша, ел тарихында мұндай оқиға болмаған.

«Вандалдар сияқты алдына кездескеннің бәрін қиратып жатыр. Қауіпсіздік ойдағыдай қамтамасыз етілмеді деп есептейміз. Мұны жасағанның бәрі жазаға тартылады», - деді Лула.

Еске салайық, Бразилияның солшылдар көшбасшысы Луис Инасио «Лула» да Силва өткен сайлауда қазіргі президент, «бразилиялық Трамп» атанған Жаир Болсонаруды аз ғана басымдықпен жеңіп, үшінші рет президент болған еді.

Фото: GETTY IMAGES