Бразилияда көшкін жүріп, 65 адам мерт болды

None
Фото: aa.com.tr
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бразилияның оңтүстік-шығысындағы Сан-Паулу штатының жағалауында нөсер жаңбыр су тасқыны мен көшкінге ұласып, табиғи апат салдарынан қаза тапқандар саны бір аптада 65 адамға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Синьхуа ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттікке бұл туралы жергілікті билік мәлім еткен.

Құрбандар арасында кәмелетке толмаған 19 бала бар.

Әскери бөлімшелер, өрт сөндірушілер, еріктілер мен құтқарушылар қаза болғандардың денелерін шығару және жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарымен айналысып жатыр.

Зардап шеккендердің көпшілігі Сан-Себастьяндағы Барра-ду-Саси жағажайына жақын Сьерра-де-Мар тау жотасының баурайындағы қауіпті аймақтардағы кедей аудандарда тұрған.

Көшкіннің қайталану қаупіне байланысты баспанасынан айырылған 2440-қа жуық адам эвакуациялануға мәжбүр болды.

19 ақпанда жағалаудағы Бертиога, Карагуататуба, Гуаружа, Ильябела, Сан-Себастьян және Убатуба қалаларында тәуліктен аз уақыт ішінде Бразилияда рекордтық деңгейде жаңбыр жауды.

Бразилияның Интеграция және аймақтық даму министрлігінің бағалауынша, апат қаупі бар 14 мың аймақта 4 млн-ға жуық адам тұрып жатыр.


Соңғы жаңалықтар
telegram