Бразилияда жүздеген демонстранттар футболдан әлем чемпионатын өткізуге қарсылық білдіруде
АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Футболдан өтетін әлем чемпионаты үшін ел қаражатының шығындалуына қарсылық білдірген манифестациялар сенбі күні Бразилияның бірнеше қаласында өтті.
Рио-де-Жанейро, Сан-Паулу, Ресифи, Куритиба көшелеріне шыққан демонстранттар мемлекет қаражатын білім мен денсаулық салаларына жұмсауды талап етті. Рио-де-Жанейро көшелеріне үш жүздей адам шықса, Сан-Паулуда қарсылық білдіру шарасына 2,5 мың адам қатысқан. Сан-Паулу орталығында бетперде киген жастар тобы дүкендердегі жаймасөрелер мен банктердің терезелерін қиратқан. Бұзақылар сондай-ақ полицияның патрульдік машинасын аударып тастауға әрекет жасаған, жүргізушісі тоқтау туралы сөздеріне құлақ аспаған соң, бір машинаны өртеп жіберген. Полиция алаңнан тарату үшін Black Block анархиялық-экстремистік топ өкілдеріне көзден жас ағызатын газ шашыратқан.
Футболдан әлем чемпионатының ойындары биылғы жылдың 12 маусымы мен 13 шілдесі аралығында Бразилияның 12 қаласында болмақ. Бразилия Президенті Дилма Роуссефф жұма күні Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда: «Еліміз футбол тарихындағы ең керемет мундиальді өткізуге әзір», - деп сендірді.
.