Болсонару Бразилиядағы сайлау қарсаңында Трамп, Вэнс және Рубиомен кездесті

АСТАНА. KAZINFORM – Бразилия президенттігіне кандидат Флавио Болсонару сайлауалды науқанының халықаралық бағытын күшейтті. Бразилия сенаторы Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен, вице-президент Джей Ди Вэнспен және мемлекеттік хатшы Марко Рубиомен кездесті, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Бразилиядағы сайлау қарсаңында Болсонару Трамппен, Вэнспен және Рубиомен кездесті
Фото: point.md

Кездесулер Бразилиядағы президенттік сайлауға үміткердің төңірегіндегі саяси дағдарыс аясында өтті. Бұған дейін сенатор қазіргі уақытта түрмеде отырған банкирден әкесі – Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонару туралы фильм түсіру үшін қаржы бөлуді сұрағанын мойындаған еді. Алайда Флавио Болсонару заң бұзды деген айыптауларды жоққа шығарды.

Бұл ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін Болсонарудың қоғамдық пікір сауалнамаларындағы көрсеткіштері төмендеді. Соған қарамастан, Бразилиядағы президент сайлауының ықтимал екінші турында ол қазіргі президент Луис Инасиу Лула да Силвамен шамалас қолдау деңгейін сақтап отыр.

АҚШ-тағы келіссөздер барысында тараптар ұйымдасқан қылмыспен күрес, сирек жер металдары саласындағы ынтымақтастық және сөз бостандығы мәселелерін талқылады.

Флавио Болсонару Дональд Трамппен әңгіме барысында әкесі Жаир Болсонарудың денсаулығы туралы мәселе де көтерілгенін айтты. Бразилияның бұрынғы президенті мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттену ісі бойынша үкім шыққаннан кейін үйқамақта отыр.

Еске сала кетейік, Жаир Болсонару 2022 жылғы сайлаудан кейін Луис Инасиу Лула да Силваның президент қызметіне кірісуіне кедергі келтіруге бағытталған астыртын әрекетке қатысқаны үшін кінәлі деп танылып, 27 жылға сотталған. Прокурорлардың мәлімдеуінше, жоғары әскери басшылықтың қолдау көрсетпеуі салдарынан бұл жоспар жүзеге аспай қалған.

Кейін Бразилия Конгресі президент ветосын жойып, бұрынғы президент Жаир Болсонарудың түрмеде отыру мерзімін қысқартуы мүмкін заңды мақұлдады. Сонымен қатар ол 2026 жылғы президент сайлауында ұлы, сенатор Флавио Болсонарудың кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеген.