Бразилиядағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 100-ге жақындады

Бразилия
Фото: Reuters

АСТАНА. KAZINFORM – Бразилиядағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 95 адамға жетті. Табиғи апаттан жалпы жиынтығы 372 адам зардап шеккен. Бұл туралы Рио-Гранде-ду-Сул штатының губернаторы Эдуардо Лейте мәлімдеді. 

Қазіргі уақытта 159 мың жергілікті тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Кем дегенде 131 адам із-түзсіз жоғалғандар тізімінде тұр. 

«95 өлім... Қаза тапқандар саны артып жатыр», – деді Лейте. 

Сәуір айының соңында Бразилияның Уругваймен шектесетін оңтүстік штатында толассыз жауын жауды. Бұған дейін мұндай жағдай аталған елде 1941 жылы болған. 

Жаңбыр салдарынан Рио-дас-Антас өзеніндегі бөгет құлап, жақын маңдағы елді мекендерді су басты. Рио-Гранде-ду-Сул штатындағы 497 муниципалитеттің 401-і дауыл мен су тасқынынан зардап шеккен.

Айта кетейік, бұған дейін Бразилияда су тасқынынан қаза тапқандар саны 78 адамға жеткені туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар