«Бразилияға кімдер барады?»» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 24 мамыр, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Əлемдегі дінаралық жəне мəдениетаралық үнқатысуына қосқан үлесіміз үлкен» деген тақырыппен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының мақаласы басылды.

Қазақстан халқы биыл ел тәуел­сіздігінің 25 жылдығын атап өтеді. Осы аралықта өткен онжылдықтар биігінен көз тастар болсақ, біздің мемлекетіміз үшін бұл уақыт еліміздегі және әлемдегі түрлі бағыттағы өзгерістерді ой елегінен өткізумен, қоғам мен мемлекеттің одан әрі дамуының үрдістерін болжаумен және іздестірумен, барлық қазақстандықтардың мүддесіне жауап беретін өзгерістердің пәрменді стратегиясын жасақтаумен байланысты күрделі жылдар болды деп толық сеніммен айтуға болады.

«Бұл жылдар, осы тұрғыдан алғанда, еліміздің барлық азамат­тарының құқықтарының теңді­гін қамтамасыз ету негізінде халық­тың этносаралық және конфес­сияаралық ауызбіршілігін сақтау мен нығайтуға және мемлекет саясатының іргесін құрап отыр­ған үнқатысу мен келісімнің басымдығын бекітуге бағытталған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың батыл әрекеттері мен салиқалы шешімдерінің уақыты болғаны сөзсіз»,-деп жазады министр.

Бас басылымда С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті жанындағы Біріккен университет клиникасының директоры Жанар Ғұбайдуллинаның берген сұхбаты жарияланды. Соңғы жылдары Қазақстанда С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің (ҚазҰМУ) жанынан өз клиникасы ашылып, елімізде халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатындағы алғашқы қадамын жасап, жетекші емдеу орындарының біріне айналып отыр. Клиникада науқасқа диагноз қою, оларды емдеу және алдын алуда заманауи деңгейде жаңа технологияларды қолдана отырып, жоғары сапалы медициналық көмекті ұсынады. Бағалары қолжетімді әрі қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейде. Олар әлемдік өндірушілердің заманауи медициналық құралдарымен жабдықталған. Сұхбат «Керекті клиника» деген тақырыппен оқырман назарына ұсынылып отыр.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанның ауыр атлеттері өз тарихында тұңғыш рет Олимпиада ойындарында толық құрамада өнер көрсетеді. Яғни, ерлер 6 және әйелдер 4 салмақ дәрежесінде күш сынасады. Ал ғаламдық додада барлығы 15 жүлделер жиынтығы сарапқа салынады.

«Қазіргі кезде «Ауыр атлетиканы серік еткен саңлақтардың қайсысы Рио Олимпиадасында бақ сынауы мүмкін?» деген сауал көпшіліктің көкейінде жүргені рас. Осы орайда көпшілік сан алуан жорамал айтуда. Түрлі алып-қашпа әңгімелер де ел арасында өріп жүргеніне бірер айдың жүзі болды. Ал бұл сұрақтың жауабын барша жұрт 3-7 маусым аралығында Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында өтетін Қазақстан чемпионатынан кейін білетін болады. Ал әзірге бізге Олимпиада жолдамасы үшін тартыс нақты қай спортшылар арасында өтетіні мәлім»,-деп жазады автор.

Сонымен, ерлер арасындағы 6 лицензия үшін Илья Ильин, Владимир Седов, Александр Зайчиков, Нижат Рахимов, Кирилл Павлов, Денис Уланов, Ибрагим Берсанов, Селимхан Абубакаров, Фархат Харки, Арли Чонтей, Айдар Казов және Александр Ким таласады. Бұл спорт­шылардың барлығы да ондай құрметке лайық. Илья Ильин - Олимпиада ойындарының екі дүркін және әлемнің төрт дүркін чемпионы. Нижат Рахимов, Владимир Седов және Александр Зайчиков дүниежүзілік додада дара шыққан саңлақтар. Кирилл Павлов сол жарыстың қола жүлдегері. Қалған жігіттер жастар буынының өкілдері болғанына қарамастан түрлі байрақты бәсекелерде өз құрдас­тарының алды болып, ерлер дуында да өздерін мойындатып үлгерген сайып­қырандар. Бұл мақала «Бразилияға кімдер барады?» деген тақырыппен берілген.

Осы газетте «Өнерді «өкпелетіп» жүрген жоқпыз ба?» атты мақала жарияланды.

«Ұлттың ұрпағын тәрбиелейтін теле­ар­наларға сөз жоқ реформа керек шығар. Өйткені телеарналар қазір ұлттың айна­сына айнала бастады. Ал біздің айна­мыздың адам бейнесін қисық етіп көр­сет­кені жақсылық па? Сондықтан са­наны сілкитін, құндылықтарды қас­тер­леуге үйрететін, жақсылықтарға жол бастай­тын, болашағы баянды бағдарла­малар өте көп керек. Түр-түсін былай қойғанда, сөзі құ­лақ­қа түрпідей тиетін жасанды «қуыршақ­тардан» арылып, телеарнаның нағыз білгірлері жұртпен жүздескені жөн шығар»,-деп жазады басылым.


***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Ежелгі қалаларымыз ЮНЕСКО тізіміне енбек» деген материал басылды. Соңғы уақыттардағы ерекше атап өтерлік жаңалықтардың бірі - елі­міздегі ежелгі қалалар ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі мүмкін. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осы мәселеге арналған басқосуда бұл қадам тарихи құндылықтарды қаз қалпында сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. ЮНЕСКО ұйымының комиссиясы тізімге енгізілетін аймақтардың жай-күйін саралады. Жиын барысында ЮНЕСКО мен Қазақстанның білім және ғылым саласындағы әріптестік жайы да сөз болды. Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы өз сөзінде біздің ең бірінші мақсатымыз - Қазақстанның мәдениетін дүние жүзіне көрсету екенін тілге тиек етті. Еліміздегі тарихи оқиғаларды, мәдени-рухани жаңғыруларды әлемдік тұрғыдан бағалауымыздың мәнісі зор екенін атап айтты. Қазіргі таңда ЮНЕСКО тізіміне енетін ежелгі қалалар бойынша, олардың тізімдерін әзірлеп, тарихи-мәдени һәм рухани тұрғыдан зерделеуге байланысты бірқатар іс-шаралардың атқарылуы жос­парлануда.

Соңғы жаңалықтар