Бразилияның 6 миллионнан астам тұрғыны жарықсыз қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Бразилияның электр жүйесіндегі апат елдің 11 штатындағы алты миллион адамды электр жарығынсыз қалдырды. Бұл туралы ria.ru хабарлады.
Елдің электр желілерінің ұлттық операторы хабарлағандай, апат қысқа тұйықталу салдарынан болған. Айта кетейік, Бразилияда биыл футболдан әлем чемпионаты өтеді. Кешегі апат кезінде осы дүбірлі дода өтеді деп белгіленген Сан-Паулу, Рио-де-Жанейро, Минас-Жерайс, Парана, Риу-Гранди-ду-Сул және Мату-Гроссу штаттары жарықсыз қалды. Жуырда ғана Бразилияның энергетика министрі әлем чемпионаты кезінде елде электр энергиясына қатысты ешқандай алаңдаушылық болмайды деген болатын.