Брэд Питт ішімдік пен есірткіге сынама тапсырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық актер Брэд Питт 15 жастағы ұлы Мэддокске қоқан-лоққы көрсеткен оқиғаға байланысты өз еркімен ішімдік және есірткі бойынша сынама тапсырды. Бұл туралы ресейлік ТАСС агенттігі TMZ ақпараттық порталға сілтеме жасап хабарлады.
Оқиға осыдан бірнеше апта бұрын жеке ұшақ рейсінде орын алып, қоғам талқысына түсті. Мұны экипаж мүшелерінің бірі байқап, оны Лос-Анджелес полиция басқармасына хабарлаған. TMZ ақпарат көздерінің мәліметінше, Мэддокс Питтің ашуына тиетін сөздер айтқан. Актер ұлына қарай ұмтылып, келіншегі Анджелина Джоли араларына түсіп үлгергеніне қарамастан, ұлының иығынан түйіп үлгерген.
Балалар мен жанұяны қорғау бойынша округтік бөлім қызметкерлері жеткіншекті тексеріп, оның денесінен соққы іздерін байқамады. Бұрын хабарланғандай, Джоли өзінің алты баласы үшін қауіптеніп, ажырасуға арыз берген.
Екі танымал әртіс 10 жыл бірге тұрып, 2014 жылдың 23 тамызында некесін қиды. 52 жастағы Питт пен 41 жастағы Джолидің алты баласы бар. Олардың үшеуін асырап алған.