Brent мұнайының бағасы 42 доллардан төмен түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың маусым айымен салыстырғанда, Brent мұнайы баррелінің арзандауы 20 пайыздан да асып кеткен. Сарапшылар мұнай бағасының 40 долларға дейін арзандайтынын ескертеді.
ICE биржасындағы жұма күнгі сатылым барысында Brent мұнайының құны 2016 жылдың 18 сәуірінен бері тұңғыш рет 42 доллардан төмен түсті. 2016 жылдың қыркүйек айында жеткізілетін Brent мұнайына фьючерс құны 41,85 долларға түсті, яғни бейсенбі күнгі сатылым жабылуымен салыстырғанда 1,99% төмендеген, деп хабарлайды РБК.
Brent баррелі 53 долларға дейін шарықтаған маусым айының басынан бері мұнай бағасының құлдырауы 20%-дан асып кетті. Сарапшылар мұнай бағасының құлдырауын АҚШ бұрғылау қондырғысындағы жұмысшылар санының, жеткізулердің көбеюінен инвесторлардың қауіптенуімен және бірқатар ливиялық порттардан мұнай экспорттаудың жаңғыртылуымен байланыстырып отыр.