Brent мұнайының бағасы жылдық жоғары межеге жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биржалық сауда-саттық барысында Brent маркалы мұнайдың баррелі 67,08 долларға жетіп, 2015 жылғы ең жоғары межеге табан тіреді. Бұны лондондық ІСЕ биржасының мәліметтері айғақтайды. Солтүстіктеңіздік марка 2014 жылғы 10 желтоқсанда - баррелі 67,24 доллар болып, ең қымбат межеге жеткен болатын, деп хабарлады Lenta.ru.
Бұдан бұрын мұнайдың қымбаттауы жағдайында рубльдің беки түскені байқалған еді. Доллар 51,65 рубль, еуро - 57,94 рубль болды. 1-4 мамыр аралығында Мәскеу биржасында сауда-саттық өткізілген жоқ. Орталық банктің 1 мамырға белгілеген американдық валютаның ресми бағамы (5 мамырға дейін күшінде болады) 51,14 рубльді, еуропалық валюта - 57,16 рубльді құрайды.
21 сәуірде «Лукойл» президенті Вагит Алекперов мұнай бағасы ең жоғары межесіне жетті, деп мәлімдеді.
18 сәуірде Ресей энергетика министрі Александр Новак 2015 жылы мұнай баррелінің орташа құны 60 доллар болып, 2017 жылға дейін барреліне 70 доллардан аспайды деген болатын.