Brent пен WTI арзандады: мұнай нарығында сауда аптасы қалай басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Алдыңғы күндері едәуір қымбаттаған әлемдік мұнай бағасы жаңа сауда аптасын төмендеумен бастады. Бұл туралы Kazinform агенттігі Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Нарық қатысушылары Таяу Шығыстағы шиеленістің бәсеңдеу мүмкіндігін және энергия ресурстарын жеткізуге төнген қауіп-қатерлерді бағалап жатыр.
Агенттік мәліметінше, 26 қазанда Қазақстан уақытымен сағат 19:37-дегі жағдай бойынша Brent маркалы мұнайдың желтоқсан айындағы фьючерстері 1,7 пайызға, яғни 2,03 долларға арзандап, барреліне 114,70 доллар болды.
Ал америкалық West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнайдың бағасы 2,5 пайызға, яғни 2,60 долларға төмендеп, барреліне 100,71 долларды құрады.
Бағаның төмендеуіне қарамастан, мұнай котировкалары өткен аптада тіркелген соңғы алты айдағы ең жоғары деңгейге жақын қалып отыр.
23 қазан, жұма күнгі сауда қорытындысы бойынша мұнай бағасы барреліне 3 доллардан астам өсті. Бір апта ішінде Brent шамамен 6 пайызға, ал WTI 2,3 пайызға қымбаттады.
Бағаның өсуіне хуситтердің Сауд Арабиясындағы нысандарға жасаған шабуылдарынан кейін мұнай жеткізілімі үзілуі мүмкін деген қауіп себеп болды.
Алайда дүйсенбі күні АҚШ пен Иран арасындағы шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған дипломатиялық әрекеттер туралы хабарлардан кейін нарықтағы көңіл күй өзгерді.
Reuters мәліметінше, жексенбі күні Қатар өкілдері қақтығысты бәсеңдетуге бағытталған делдалдық келіссөздерге қатысу үшін Тегеранға барған.
Сауд Арабиясы да Иранмен келіссөз арналарын сақтаудың маңызын мәлімдеді. Корольдік, Түркия және Пәкістан өкілдері Иранның ресми тұлғаларымен кездеседі деп күтілген.
Сонымен бірге Таяу Шығыстағы жағдай әлі де шиеленісті күйде қалып отыр. Хуситтер East-West мұнай құбырының сорғы станцияларына және Эр-Рияд әуежайына шабуыл жасағанын мәлімдеді. Ал Сауд Арабиясының билігі жаңа зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының жолы кесілгенін хабарлады.
Энергетикалық инфрақұрылым мен теңіз арқылы тасымалға төнген қауіп-қатерлердің сақталуы әлемдік мұнай нарығындағы белгісіздікті күшейтіп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, мұнай бағасының алдағы өзгерісі көбіне Таяу Шығыстағы жағдайдың қалай өрбитініне және дипломатиялық әрекеттердің нәтижесіне байланысты болады.
Бұған дейін Kazinform 26 қазан күні таңертең де әлемдік мұнай бағасының төмендегенін хабарлаған еді. Oilprice.com мәліметінше, Brent маркалы мұнай барреліне 114,61 доллардан, ал WTI 101,13 доллардан саудаланған.