23:26, 22 Маусым 2016 | GMT +5
«Брест қамалы» кітабы жарыққа шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан 76 жыл бұрын дәл осы күні Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Сұрапыл соғыс бірінші болып Брест қамалын шарпыды. Бүгін сол кескілескен шайқаста қаланы ерлікпен қорғаған қазақстандық жауынгерлер туралы «Брест қамалы» атты жаңа кітап жарыққа шықты, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.

Бұл туындының авторы тарих ғылымдарының докторы Ләйла Ахметова бірқатар елдің мұрағаттары мен мұражайларында болып, құнды деректер жинаған.
Автор бұрын із-түзсіз жоғалды деп саналған 500-ден астам сарбазды соғыста қайтыс болғандар санатына қосады. 625 беттен тұратын еңбекте Брест қамалында жаумен шайқасқан қазақстандық жауынгерлер туралы мәлімет пен фотоқұжаттар жинақталған.
Ресейлік тарихшылардың айтуынша, қамалды 7 мың сарбаз қорғаған. Соның мыңға жуығы Қазақстаннан барған жауынгерлер.
- Соғыстың бірінші күнін сол Брест қамалында қарсы алдық. Қайсы болсын соғыстың бірінші күндерінде елін қорғай білді, жерін қорғай білді. Әрқайсысы өзінің әскери міндетін жоғары бағада өткізді, - деді Ұлы Отан соғысының ардагері Ғаббас Жұматов.