Брест қамалын қорғаушы 1 мың қазақстандықтың 472-сінің ғана аты-жөні белгілі

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен Брест қамалын қорғаушыларға арналған баспасөз мәслихатында айтылды.
Аталмыш шараны Ұлы Жеңістің 68 жылдығы құрметіне орай ҚР Мемлекеттік орталық музейі мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектерінің қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.
Брест қамалын қорғаушы қазақстандық жауынгерлер туралы ізденуші Ләйлә Ахметованың айтуынша, кеңестік дәуірде Брест қамалын қорғауға 29 қазақстандық қатысты деп ғана айтылды. Бұл деректің шындығына ғалымның күмәні бар еді. Өйткені, 1941 жылдың көктемінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 4 эшалон адамды әскери міндетін өтеу үшін батысқа жіберген болатын. Әрине, олардың бәрі бірдей Брестке жеткен жоқ. Дегенмен соғыстың алғашқы күні жау басқыншылығына қарсы тұрған қазақстандықтардың саны қисын бойынша 29-дан көп болуы тиіс деген ой оны әрдайым мазалайтын. Өз пікірін дәлелдеу үшін ұзақ жыл құзырлы органдардың мұрағаттарын ақтарған ғалым 2012 жылдың маусым айында Брест қамалын қорғауға қатысқан 472 қазақстандықтың аты-жөнін анықтап, жариялауға мүмкіндік алды.
«Ресейлік іздеушілердің пайымдауынша, Брест қамалын қорғауға қатысқан қазақстандықтар саны 1 мың адамды құраған. Яғни, қазір олардың тек 30 пайызының ғана аты-жөні анықталып отыр. Сондықтан бұл бағытта атқарылатын шара әлі көп», - дейді ҚазҰУ профессоры Л. Ахметова.