Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу кезінде Алматы метросы қалай жұмыс істейді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Сағат белдеуінің ауысуы кезінде Алматы метрополитені штаттық режимде, кестесі өзгеріссіз қызмет көрсетеді.
«29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Алматы уақытымен түнгі сағат 00:10-ға дейін жұмыс істеп, ал 1 наурыз күні жаңа белдеу бойынша сағат 06:20-да метро қайта іске қосылады»,-деп хабарлады метрополитеннің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 1 наурыз сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай сағат белдеуі белгіленеді (UTC+5).
Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының әкімдіктері 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат кейінге шегереді.