Британ әскери әйелдеріне алдыңғы қатарда соғысуға рұқсат берілмек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Британия қарулы күштерінде қызмет ететін әскери әйелдерге алдағы уақытта қоян-қолтық ұрыстарда ерлермен қатар алдыңғы сапта ұрысқа араласуға рұқсат берілмек, деп хабарлады ВВС.
Соңғы рет бұл мәселе 2010 жылы көтерілген. Бүкілеуропалық гендерлік теңдік деректеріне сәйкес, қорғаныс министрлігі әйелдердің алдыңғы қатарда соғысқа қатысуын шектеу туралы шешімін қайта қарауды 4 жылдан кейін ғана қолға алады. Сондықтан бұл мәселе тек 2018 жылы күн тәртібіне қойылмақ.
«Америкалықтар, австралиялықтар, канадалықтар, израильдіктер әйелдерге әскери бөлімдерде қызмет етуге рұқсат берген. Сондықтан бізде бұл мәселені қайта қарап көргеніміз жөн», - дейді Британ қорғаныс министрі Филип Хэммонд.
Guardian газетіндегі деректер бойынша, қазіргі таңда Ұлыбритания елінде 16 мыңнан астам әйел әскери қызметкер бар. Ол шамамен бүкіл әскердің 10 пайызын құрайды.