Британ дүкендерін картон полицейлер күзете бастады
ЛОНДОН. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат – Картоннан жасалған полицейлер нағыз тәртіп сақшылары сияқты қылмыскерлерді үркіте алады екен.
Көптеген британдық дүкендерге картон полицейлер орнатқан британ өкіметі осылай деп санайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат НТВ телеарнасына сілтеме жасап. Полицейлердің адам бойымен бірдей картон пішіндері қалта ұрыларын қорқыту үшін орнатылып отыр. Бензин құйып алып, ақшасын төлемей кететіндерге де ескерту ретінде май құю стансаларына картон полицейлер орнатыла бастады. Картон полицейлер орнатылған сауда нүктелері басшыларының хабарлауынша, осы бір қарапайым әдістің арқасында ұрлық-қарлық оқиғалары күрт азайған. Британдықтарда полицейлерге деген құрмет қатты сақталса керек, мейлі ол қағаздан жасалса да.