Британ флотының жалғыз мұзжарғыш кемесі тағы жөндеуге жіберілді

АСТАНА. KAZINFORM — Британияның «Протектор» мұзжарғышында тағы бір ақау табылып, Девонпорт әскери-теңіз базасына сүйретіліп жеткізілді. Оның тағдыры тексеру нәтижелері мен жөндеудің құнына байланысты болмақ, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Лондондағы тілшісі.

Единственный ледокол британского флота отбуксировали на ремонт
Фото: navylookout.com

«Протектор» — Британ әскери-теңіз флотындағы жалғыз мамандандырылған мұзжарғыш. Кеме Арктика мен Антарктидадағы операцияларға, сондай-ақ патрульдеу, ғылыми зерттеулер және балық шаруашылығын бақылау мақсатында пайдаланылады.

Navy Lookout басылымы кеме қазіргі уақытта Девонпорт базасында екенін жазды. Мамандар ақаудың себебін анықтау және кеменің жағдайын бағалау жұмыстарын жүргізу үстінде. Егер жөндеу жұмыстары тым қымбатқа түссе, кеме пайдаланудан шығарылуы да мүмкін.

Кеме 2001 жылы азаматтық зерттеулер үшін жасалған, бірақ 2011 жылы оны әскери-теңіз флоты жалға алған. Әскерилер бастапқыда кемені жалға алып, содан кейін шамамен 54 миллион фунт стерлингке сатып алды.

Кемеде күрделі техникалық ақаулар бұған дейін де болған. 2019 жылы Кариб теңізінде қозғалтқышы істен шықты, артынша тоғыз ай бойы қомақты қаражатқа жөнделді. 2025 жылы кеме құрғақ докта жеті ай тұрды, енді биыл тағы да жөндеу қажет болып отыр.

«Протектор» кемесін пайдаланудан шығару британ флотына көп мәселе туындатады, өйткені жалғыз арнайы мұзжарғыштың тез орнын басу қиынға соғатыны анық. Екінші мұзжарғыш «Сэр Дэвид Аттенборо» негізінен ғылыми және жабдықтау миссияларын орындайды және әскери-теңіз кемесінің орнын баса алмайды.

Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігі бұрын «Протектор» кемесін жаңа кемемен ауыстыру жоспарларын жариялаған. Ондай кеме Арктикада да, Антарктидада да жұмыс істей алуы қажет. Дегенмен, мұндай кеменің қашан табылатыны белгісіз.

Енді британ билігі 25 жылдық ескірген кемеге инвестиция салуды жалғастыру керек пе, әлде орнына басқа кеме табу керек пе — осы мәселені соны шешуі керек. Уақытша басқа мұзжарғышты жалға алу жоспары да жоқ емес.

Еске сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік теңізде мұнай өндірілмесе, Ұлыбритания банкрот болуы мүмкін деген ойды алға тартқан болатын.