Британ халқы билікке сенуден қалды

Лондон
Фото: Ғалымжан Қараманұлы\Kazinform

ЛОНДОН. KAZINFORM — Британиялықтардың саясаткерлерге деген сенімі бұрын-соңды болмаған рекордтық төмен деңгейге түсіп кетті. Сараптамаға сәйкес, бұл ең алдымен Брекситпен байланысты. Бұған саяси жанжалдар мен өмір сүру құнының дағдарысын қосыңыз. Консерваторлар билікте қалу үшін сайлауалды уәделерін үйіп-төгіп беруде. Бірақ 14 жыл ел басқарған торилерден электорат тағы бір мүмкіндік бере ме?

Ұлттық әлеуметтік зерттеулер орталығының сауалнама нәтижелеріне сәйкессайлаушылардың басым көпшілігі басқару жүйесінен және биліктегілерден көңілі қалғанын айтады. Бәрі Брекситтен басталған. Еуро Одақтан құтылдық деп бөріктерін аспанға атқандардың қуаныштары уақыт өте келе өкінішпен алмасыпты.

Британиялықтар, әсіресе, қаржылық жағдайының нашарлағанына қынжылады. Дүкенде азық-түлік қымбат, жылу мен жарықтың ақысы аспандап тұр. Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің де жағдайы мәз емес. Ұзын-сонар кезек, дәрігерлердің жетіспеушілігі қараша халықтың жанына қатты батқан. 

«Сөздері мен істері еш үйлеспейді. Ант-су ішіп, уәдені үйіп-төгіп береді, бірақ билікке келгеннен кейін ештеңе істемейді. Және осы әрекеттері қайталана береді», — дейді Лондон тұрғындарының бірі. 

Сайлаушылардың кейбірі, тіпті, дауыс беруге бармайтындарын айтады. Өйткені есегі судан өткеннен кейін партиялар іс бітті, қу кеттіге салады деген ойда.

«Өкінішке қарай, Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің жағдайы мүшкіл, полиция қызметкерлерінің саны азайып жатыр. Мэриялар қарызға белшесінен батты. Бір бүйірден қымбатшылық қысты. Мәселені шешіп жатқан ешкім жоқ», — дейді деп налиды тағы бір көше жүргіншісі. 

Дегенмен де, консерваторлардың қарқыны қатты. Партия көшбасшысы сұхбаттарының бірінде бала кезінде көп нәрседен қалыс қалғанын айтып, ағынан ақтарылды — Риши Сунак ақылы кабельдік телеарна көрмей өскен екен. Оның бұл естелігі кедейшіліктің қамытын киген британиялықтардың ашу-ызасын туғызды. ІІІ-ші Чарльз Патшадан да ауқатты, Ұлыбритания тарихындағы ең бай премьер-министр қараша халықтың мұң-мұқтажынан хабардарсыз ба деген ой келді.

«Бала күнімізде көп нәрседен қалыс қалдық. Өйткені менің ата-аналарым ақшаны білімімізге құйды. Мәселен, біздің үйімізде Sky TV болмады», — деді Ұлыбританияның премьер-министрі Риши Сунак.

Өмір сүру құны қымбаттағандықтан айлығын шайлығына жеткізе алмай жүргендер көп. Бірақ оған консерваторлар өздерін кінәлі санамайды. Премьердің пікірінше, билікте отырған соңғы 14 жылдың ішінде партия біраз белестерді бағындырған. Бірақ сайлаушылар Сунактың сөзіне сенуден қалды. Соңғы жүргізілген сауалнамаға сәйкес олар реформаторларды қолдайтындықтарын айтқан. Найджел Фарадж басқаратын партия Лейбористерден кейін екінші орында келеді.

«Егер сіз маған парламент мүшесі болу мәртебесін берсеңіз, мен халық мүддесі үшін күресемін. Мен реттеуші органдарға қарсы шығып, шағын бизнеске жақтасамын. Мен халықтың құқықтары үшін күресемін», — деді Реформалар партиясының көшбасшысы Найджел Фарадж. 

Кезінде Брекситті қолдап, елдің Еуро Одақ құрамынан шығуына атсалысқан саясаткерді де сүйкімсіз санайтындар көп. Сайлауалды науқан кезінде үгіт-насихатпен айналысып жүрген Фарадждың бетіне сүттен жасалған коктейль де шашылды, консерв құтысы да лақтырылды.

«Ковид кезіндегі Даунинг стритте ойын-сауық құрған Борис Джонсон отставкаға кетті. Одан кейін премьерлікке Лиз Трасс келіп, қысқа мерзімде елдің астан-кестеңін шығарды. Оны ауыстырған Риши Сунактың да саясаты сәтті жүзеге аспады. Консерваторлардың билікпен қоштасатын уақыты келген сияқты. Оған сауалнамалардың нәтижесі дәлел», — дейді сайлау сарапшысы Джон Кертис.

Консерватор, лейборист және реформашылардан бөлек либер-демократтар да аламанға түсіп жатыр. Көп дауыс жинаған партия жеңімпаз атанып, өзінің үкіметін жасақтайды және көшбасшысы премьер-министр атанады. 4-ші шілде күні сайлау нәтижелері белгілі болмақ.

Соңғы жаңалықтар