19:41, 30 Маусым 2010 | GMT +5
Британ режиссері көпшілікке өзінің соңғы туындысы - «Құбыжықтар» фильмін ұсынады
АСТАНА. Маусымның 30-ы. ҚазАқпарат /Даниел Шайынғазин/ - Шілденің 1-інде сағат 10:00-де Бірінші Халықаралық «ASTANA» экшн-фильмдер кинофестивалінің шеңберінде «Қазақстан» Орталық концерт залында британ режиссері Гарэт Эдвардстың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді. Британ режиссері көпшілікке өзінің соңғы туындысы - «Құбыжықтар» фильмін ұсынады, деп хабарлайды кинофестивальдің баспасөз қызметі.

Фильмнің сюжеттік желісі NASA спутнигінің жер бетіне, дәлірек айтқанда, Орталық Америкаға құлап, Мексика аймағы жабық ауданға айналған уақыттан алты жыл өткен кезеңді бейнелеуден бастау алады. Оқиға желісі туристі жұқпалы аудан арқылы АҚШ-тың қауіпсіз аймағына шығарып салуға келіскен американ тілшісінің іс-әрекетімен шиелінісе түседі.
«Құбыжықтар» - Эдвардстың алғашқы толықметражды көркем фильмі. Ол өзінің ВВС-ге жасаған: «Атилла» телехикаясымен және «Ақырзаман» бейнематериалдары арқылы жақсы таныс.
Кинофестивальдің баспасөз қызметі өз тарапынан журналистерді фестиваль жайында барлық қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді. Баспасөз мәслихаты мен аккредитациялық шаралардың басталу мерзімі алдын ала хабарланады.