Британ сараптама орталығында Қазақстандағы реформалар талқыланды
Шараға Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшісі Мағжан Ілиясов, Henry Jackson Society сараптама орталығының басқарушы директоры Тара-Джейн Сатклифф және зерттеу жөніндегі директор Томас Кира, Британ-қазақ қауымдастығының төрағасы Руперт Гудман, Қазақстанның Англиядағы құрметті консулы Алан Спенс, сондай-ақ Британ қоғамдық-саяси топтардың өкілдері, сарапшылар мен кәсіпкерлер қатысты.
«Дөңгелек үстелге» жиналғандар дипломатиялық қызмет орнаған күннен бастап, 30 жыл ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы жетістіктер, Астана мен Лондон арасындағы қарым-қатынастың келешегі туралы әңгімелесті.
Қазақстан Елшісі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бастамалары және реформаларымен, қыркүйекте жария етілген Жолдауының басым бағыттарымен таныстырды. Сонымен қатар 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауының мән-маңызы туралы баяндады.
Ұлыбританиямен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатындағы еуропалық бағыт бойынша басты басымдықтардың бірі екендігі ерекше атап өтілді. Бұдан бөлек Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестік туралы жаңа келісімді қабылдаудың маңыздылығына мән берілді. Бұл Келісім ортақ мүддеге негізделген екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге жаңа серпін бермек.
Іс-шараға жиналғандар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, екіжақты даму перспективаларын, елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды оң қабылдады.