Британдық спортшы Ормуз бұғазын үш күнде жүзіп өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Британдық жүзуші Льюис Пью Иран қатысқан қақтығыстың қоршаған ортаға тигізетін зардабына назар аударту үшін Ормуз бұғазында үш күн бойы жүзіп, шамамен 15 шақырым қашықтықты еңсерді, деп хабарлайды BBC.
56 жастағы Льюис Пью – Ұлыбританияның Девон графтығындағы Плимут қаласының тумасы, БҰҰ-ның мұхиттарды қорғау жөніндегі қамқоршысы.
Ол Таяу Шығыстан мұнай тасымалдайтын әлемдегі ең маңызды теңіз жолдарының бірі – Ормуз бұғазында үш күндік жүзу сапарын жүзеге асырды.
Спортшы бұғаздағы Мусандам аралынан Оманның Мусандам түбегінің солтүстік шетіндегі Ормуз мүйісіне дейін шамамен 15 шақырым жүзіп өткен.
Болжам бойынша, Пью наурыз айында қақтығыс басталғалы бері Ормуз бұғазында ұзақ қашықтыққа жүзуге әрекет жасаған алғашқы адам болуы мүмкін.
Льюис Пью қорының мәліметінше, жүзудің алғашқы күні спортшыдан шамамен төрт шақырым жерде мұнай танкеріне снаряд тиген.
Екінші күні ол өзі жүзіп келе жатқан бағыттағы мүйістің ар жағынан көтерілген жалынды байқаған. Онда сұйытылған мұнай газын тасымалдаған Tara Gas кемесі өртеніп жатқан. Кейін спортшы өрт әлі сөнбеген кезде кеменің маңынан жүзіп өткен.
– Ең алдымен кеменің бортындағы теңізшілерді ойладым. Жалын өте күшті болды. Мұндай кемелер тез тұтанатын газ тасымалдайды. Олардың біріне жасалған шабуыл экипаж үшін ғана емес, теңіз экожүйесі үшін де апатты салдарға әкелуі мүмкін, – деді Пью.
Жүзгіштің айтуынша, қарулы қақтығыстардың экологиялық зардабына адам шығыны мен қиратуларға қарағанда әлдеқайда аз көңіл бөлінеді.
– Қақтығыс адамдарға орасан зор қайғы-қасірет әкеледі. Адамдар қаза табады, отбасылар ойран болады, үйлер, ауруханалар мен мектептер санаулы минутта қирауы мүмкін. Бірақ назардан тыс қалып жатқан тағы бір құрбан бар. Ол – табиғаттың өзі. Оған келтірілген зиян соғыс қимылдары тоқтағаннан кейін де ұзақ уақыт сақталуы мүмкін, – деді ол.
Льюис Пью осы жүзу сапары арқылы соғыс қимылдарын тоқтатуға, Ормуз бұғазын қайта ашуға және қақтығыстан келген экологиялық зиянды жоюға шақырды.
Ормуз бұғазы – әлемдегі аса маңызды теңіз көлік жолдарының бірі. Оның су айдынында дюгоньдар, теңіз тасбақалары мен кит акулалары мекендейді.
Айта кетейік, бұған дейін 17 қарашада Ормуз бұғазында мұнай танкері мен газ тасымалдайтын кеменің теңіз миналарына соғылып, өртенгені хабарланған еді.