Британдық қыз бала Еуропадағы ең үлкен балықты ұстады
ЛОНДОН. Шілденің 17-сі. ҚазАқпарат - Британдық Кент графтының тұрғыны 11 жасар оқушы қыз үлкен, ұзындығы 3 метрге жететін балық ұстаған Испаниядағы демалысын ешқашан ұмыта қоймас,
деп жазады британдық басылымдар.
Джессика Уонстоллдың өзінің айтуынша, ол әкесімен испандық Эбро өзенінде балық аулап жатқан кезде, оның қармағына іліккен үлкен бір нәрсе оны суға тарта бастаған. Суға беліне дейін кірген Джессика, болмаған соң әкесін көмекке шақырған. Екеуі 20 минут бойы арпалысып, балықты жағаға шығарған. Сөйтсе, олар ұзындығы 2,7 метр, салмағы 86 килә жайын балық ұстаған.
Джессиканың бойы 1,2 метр, ал салмағы 36 килә екенін ескерсек, бұл үлкен ерлік. Осылайша, Джесика Уонстолл Еуропадағы ең үлкен балықты ұстаған бала атанып, әлемдік рекордты жаңартып отыр.