Британдық министр қазақстандық инноваторларды Лондонға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның сауда және инвестициялар министрі Грэг Хэндс өз елінің Қазақстанмен түрлі салалар бойынша ынтымақтастықты кеңейткісі келетінін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанмен жалпы сауда көлемін ұлғайтқымыз келеді. Біз Қазақстанға көп инвестиция саламыз, Қазақстан біздің инвестициялар бойынша 6-орында тұр. Бұл Қазақстан егемендік алған сәттен бері жергілікті экономикаға 20 млрд фунт стерлинг инвестицияладық деген сөз. Сондай-ақ, біз ақылды қалалар бойынша өз зерттемелерімізді Қазақстанға әкеліп, технологиялар саласында ынтымақтастықты кеңейткіміз келеді. Одан бөлек, инфрақұрылымдық нысандар бойынша ынтымақтасуды қалаймыз», - деді Грэг Хэндс.
Сонымен бірге, Ұлыбритания министрі бизнесті кеңейту үшін қазақстандық инноваторлар мен кәсіпкерлерді өз еліне шақырды. Хэндс келесі жылы ағылшындық тараптың «Астана» халықаралық қаржы орталығымен тығыз ынтымақтастығының басталатынын еске салды.
«Егер қазақстандық технология жасаушылар Еуропада өз кеңсесін ашқысы келсе, оған ең қолайлы орын Ұлыбритания болмақ. 2016 жылдың наурыз айында біз қазақстандық тараппен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойдық, ал 1 қаңтардан бастап, «Астана» халықаралық қаржы орталығымен жұмыс басталады. Біздің міндетіміз - қазақстандық тараппен бірлесіп, Астанада қаржылық қызметтер көрсететін өңірлік хаб құру», - деп атап өтті ол.
«Қаржылық қызметтер көрсетуде Ұлыбритания әлемдік көшбасшы болғандықтан, «Астана» халықаралық қаржы орталығының серіктес ретінде бізді таңдауы - заңдылық, - деп жалғастырды министр. - Біз қазақстандық компанияларды әлемдік қаржы нарығына қолжетімділікпен қамтамасыз еткіміз келеді және бұл ынтымақтастықта жекешелендіру айтарлықтай маңызды фактор болып табылады. «Астана» қаржы орталығы қазақстандық кәсіпкерлер мен Лондонның іскерлік бөлігі арасындағы көпірге айналуы тиіс».
Хэндс Ұлыбритания астанасындағы «жасыл» технологиялардың дамуы жөнінде де айтып берді. Тұманды Альбион үшін бұл технологиялар ауадай қажет болған көрінеді.
«Лондонда инновациялық технологияларды қолдану аса қажет, себебі қала халқының саны артқан сайын, ауа сапасын да жақсарту қажеттігі туындайды. Мәселен, Лондон метросы әлемдегі алғашқы метрополитендердің бірі, ол өз жұмысын 19-ғасырдың 70-жылдарында бастады. Жолаушылардың саны көбейген сайын, метроның да бағдаршамдар мен пойыз қозғалысын реттеу жүйелерін жаңарту қажет, пойыздардың уақыт аралығын қысқарту керек», - деді британдық ведомство басшысы.
Сондай-ақ, британдық министр жаңа мәселелер туындамау үшін экологиялық таза автомобильдерді белсенді түрде енгізу қажеттігін баса айтты.
«Тағы бір көп таралған технология - электр көліктерін енгізу. Егер оларды кең ауқымда қолданар болсақ, көптеген қуаттау станциялары керек болады. Бұл да өзекті мәселе, себебі автотұрақтардың аумағын кішірейту қажеттігі туындайды. Электр көліктеріне арналған қуаттау құрылғыларын көше шамдарына орнатуға болатын технология бар. Яғни, шам көшеге жарық шашып қана қоймай, электр машиналарына қуат береді», - деді Хэнкс.
Еске сала кетсек, бұған дейін британдық министр британдық компаниялардың жақында Астана әкімдігімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейтінін хабарлаған еді. Атап айтқанда, Gillespie компаниясы қаланың жаңа бас жоспары үшін техникалық тапсырмасын әзірлеу мен инфрақұрылымдық жобалар бойынша ынтымақтастықты бастап кетті.