Британдық студент елестерді зерттеуге грант алды
АСТАНА. Қарашаның 3-і. ҚазАқпарат - Британияның Нортгемптон университетінің студенті телепатия мен көріпкелдікті зерттеу үшін 3000 доллар (1811 фунт) көлемінде стипендия алды.
Психология факультетінің соңғы курс студенті Каллум Купер бұл қаржыны американдық Парапсихология қорынан алып отыр, деп хабарлайды Би-Би-Си.
К.Купер паранормальдық қабілеттер мен о дүниедегі өмірдің болу мүмкіндігінің ғылыми аспектілерін зерттеумен айналысады. Ол гранттың көмегімен 2010 жылы «Елестер және галлюцинациялар» деген тақырыпта диссертация қорғамақ.
К.Купердің айтуынша, паранормальдық құбылыстарға деген оның ықыласы елестер туралы аңыздарымен аты шыққан Ноттингемпшир графтығына барғанда пайда болған. «Маған әріптестеріммен бірге үнемі кезекті бір елестерді зерттеуге атсалысуға тура келетін, ал жақында оған о дүниеден шалынған қоңыраулар мен жолданған хаттарды зерттеу тақырыбы қосылды», дейді Купер.
Студенттің өз ғылыми жұмысын жазуға ең сәтті орын таңдап отырғанын айта кету керек: Нортгемптон университеті - Аномальдық психологиялық үдерістерді зерттеу жөніндегі орталығымен аты шыққан оқу орны.