Британдық журналист қазақстандық туризмді насихаттауға «ЭкспоСтан» брендін ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Travel Media Talks форумында Халықаралық журналист, Ұлыбританиядағы танымал продюсер Риз Хан Қазақстан туризмін кеңінен насихаттау жолдарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Британдық журналист қазақстандық туризмді насихаттауға «ЭкспоСтан» брендін ұсынды

Риз Хан ұзақ уақыт бойы «стан» бренді батыста теріс қабылданып келгенін айта келе: «Брендингпен айналысатын негізгі менеджерлермен пікір алмасқан кезде, бұрындары бұл жағдай проблема екенін жиі еститінмін, яғни адамдар Қазақстанды тиісті «стан» жалғауымен байланыстырып қабылдайтын. Алайда оны алып тастаудың реті жоқ, бұл жағдайды бақылауға алу керек. Атап айтқанда, «стан» жалғауын барлық сөздерге қосып, осы брендтің иесі екендеріңізді жариялау қажет. Жастарға бұл бастама қызықты болады. Брендинг өзге елдердің адамдарының көзқарасына елеулі түрде ықпал етеді. Осындай қадамдар негізінде көптеген елдер өздеріне қатысты қарым-қатынасты өзгертті», - деді.

Бұдан бөлек сарапшы туризмді насихаттауда кейбір елдердегі ұрандардың ықпалы туралы пікір білдірді.

«Көп елдерде түсініксіздеу ұрандар пайдаланылды, яғни олардың мағынасын түсіну қиынға түседі. Ал 90-жылдары Малайзия өзінің «Малазия - нағыз Азия» ұранының арқасында туристер ағынын екі есеге арттырды. Егер де сіздер «стан» имиджімен брендті бақылауға алсаңыздар, бұл мәдениет сіздерге қатысты екенін және қадағалауда ұстап тұрғандықтарыңызды көрсетесіздер. «ЭкспоСтан», «Той-томалақСтан» тиімді хештег бола алар еді, сондай-ақ оны жастар арасында кеңінен ілгерілету мүмкіндігі бар. Әлем қатты өзгерді, қазіргі кезде жарнамаға бұрынғыдай қомақты қаржы жұмсамайды. Бүгінде әлеуметтік желілер адамдардың көзқарасына қатты әсер етеді. Сондықтан «стан» брендін зерттеңіздер. Осы ғажайып елге туристерді тартуға қауқарлы жас елшілер керек», - деді британдық журналист.