19:17, 30 Шілде 2019 | GMT +6
Британия фунты едәуір арзандады
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Британиялық фунт Brexit «қатаңдығы» салдарынан соңғы үш жылда ең нашар көрсеткіштер көрсетіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
Соңғы төрт күнде фунт 3%-ға төмендеді, себебі инвесторлар Ұлыбританияның 31 қазанда келісімсіз Еуропалық одақтан шығатынына алаңдаулы.
Лондон мен Брюссель арасындағы келіспеушілік артып жатқандықтан, премьер-министр Борис Джонсон Еуроодақпен тиімді келісім жасауға ұмтылуда. Сондай-ақ, ЕО бас тартқан жағдайда, елді одан шығаруға да дайындап жатыр.
Сейсенбі күні стерлинг 0,8%-ке, 1,2119 долларға дейін құлап, еуроға шаққанда 0,5% - 91,64 пенске төмендеді.
Соңғы рет фунт 2016 жылдың қазанында төрт күн қатарынан құлап, валюта бағамы 6% - 1,1841 долларға арзандаған еді. Бұл жағдай бұрынғы премьер-министр Тереза Мэй Ұлыбританияның ЕО-дан шығатынын ресми түрде мәлімдеген кезде болды.