Британияда онлайн бизнесті қадағалау күшейтілді

Ұлыбритания билігі салықтан жалтарушыларды қадағалаудың жаңа түрін енгізді. Биылдан бастап, цифрлық платформалар онлайн саудамен айналысатындар немесе пәтерін жалға беретіндер туралы ақпаратты салық органдарына хабарлап отырулары тиіс. Кәсіпкерлердің жылдық табысы теңгеге шаққанда 600 мыңнан асса және салық төлемесе, шара қолданылады, деп хабарлайды Kazinform.

Буюк Британияда болаларга ижтимоий тармоқларда кириш тақиқланиши мумкин
Фото: Ғалимжан Қараманулы/Kazinform

“Өткен түнде 55 мың фунтқа сауда жасадым. Әлі де өз-өзіме сене алар емеспін. Енді кәсібімді заңдастыратын уақыт келіп жетті. Бұдан былай жылына 1000 фунттан артық табыс табатын болсам салық төлеуім керек. Әйтпесе, айыппұлға ілігемін”, - дейді Ника Юсай есімді саудагер.

Ника Юсай бірнеше жылдан бері онлайн коммерциямен айналысады. Хабарландырулар арқылы немесе қайырымдылық дүкендерінен ескі сөмкелер сатып алып, үстіне ақша қосып сатады.

Дорбалар су жаңа емес, бірақ дизайнерлік өнім болған соң зор сұранысқа ие. Ника сөмкелерді әлеуметтік желілер арқылы жарнамалап, осы уақытқа дейін біраз табысқа кенеліп жүрген.

Жаңа немесе ескі заттарды, қолдан жасалған бұйымдарды саудалайтындар, такси немесе жеткізіп беру қызметін көрсететіндер, фрилансерлер, репетиторлар, пәтерін жалға беретіндер - бәрі-бәрі салық органдарының назарында болады. Олар туралы онлайн платформалар ақпарат беріп отыруға міндетті.

“Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше 30-дан астам елде тіркелген веб-сайттар онлайн саудамен айналысатын Британ резиденттері туралы мәліметпен бөліспек. Заңды өрескел бұзғандар жіті тексеріліп, тіпті қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкін”, - дейді салық сарапшысы Никос Марко.

Салық органдары бұған дейін де жылына бір рет мәлімет талап ете алатын. Ал жаңа жылдан бастап, ақпарат автоматты түрде және бүкіл әлем бойынша түсіп отыратын болды. Мұндай өзгерістерге әлемдік экономикадағы жағдайлар алып келді. Соңғы уақытта үйден жұмыс істеп, табыс табатындар, бірақ салықтан жалтаратындар көбейген.

Соңғы жаңалықтар