Британияда Ұлыстың ұлы күні мерекесі аталып өтті

британия
Фото: Kazinform/Ғалымжан Қараман

ГИЛФОРД. KAZINFORM — Тұманды Альбионда тұратын қандастарымыз бен жергілікті халық бірігіп Наурыз мейрамын атап өтті, деп хабарлайды Kazinform-ның осы елдегі меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

Бұл күні қазанның жанында қызу тірлік қайнап жатты. Ұйымдастырушылар тағамның дәм-тұзын келтіріп, жүгіріп жүр. Палаудың күрішін баптауға білек сыбана кіріскен аспаздардың бірі Серік, шын аты Стивен. Кезінде Қазақстанда жұмыс істеп, қазір зейнетке шыққан.

анон
Фото: Kazinform/Ғалымжан Қараман

“Әдетте, Атыраудағы Теңіз мұнай-газ кен орнында Наурыз тойлайтынбыз. Биыл осында атап өтіп жатырмыз. Маған қазақтың мәдениеті және тағамдары ұнайды. Музыкасын және билерін жақсы көремін”, - дейді зейнеткер Стивен Бакленд. 

Шара басталмас бұрын әнұран орындалды. Елден жырақта жүрген қандастарымыз жүрек тұсына оң қолдарын қойып, ән шырқап, елге деген құрметтерін көрсетті.

британия
Фото: Kazinform/Ғалымжан Қараман

Бұл күні палаудан бөлек үлкен ас та тартылды. Қазақстаннан жеткен жылқының еті мен қазы-қарта, құрт пен жент дастарханды жайнатып жіберді. Ас-ауқат жеп, түйілгендерге сорпа берілді. “Жиған-тергенің тойға шашылсын” деген сөзді жадына түйген қазақтар шашу шашуды да ұмытпады.

“Мен осы Англияда тұрып жатқаныма 17 жыл болды. Наурыз мерекесін ұйымдастырып жүргенімізге 8 жыл болды. Бүгін 120-дай ересек адам келді, 70-тей бала жиналды. Өте жақсы өткізіп жатырмыз”, - дейді ұйымдастырушылардың бірі Алмаш Әлиева.

алиева
Фото: Kazinform/Ғалымжан Қараман

“Англия еліне жолдасыммен және кішкентай баламызбен 7 жыл бұрын көшіп келгенбіз. Наурыз тойын мерекелеудегі мақсатымыз осындағы қазақтардың басын қосып, балаларымызды бір-бірімен таныстыру”, - дейді тағы бір ұйымдастырушы Ботагөз Нил.

анон
Фото: Kazinform/Ғалымжан Қараман

Сахнаға ата-аналар балаларымен бірге шығып, өнер көрсетті. Бірі домбыра, енді бірі қобыз тартты. Көпшілігі ұлттық аспаптарды Қазақстандағы мұғалімдерден онлайн үйренген.

анон
Фото: Kazinform/Ғалымжан Қараман

“Көктемнің осындай керемет күнінде қазақтардың басы қосылып, жиналып жатқаны бәрімізді қуантады. Керемет шара деп ойлаймын. Жыл сайын өткізіліп жатыр. Ортамыз жылдан жылға толып, шетелдіктер де қосылып жатыр”, - дейді Ұлыбританиядағы Қазақ орталығының директоры Кәмшат Күмісбай.

күмісбай
Фото: Kazinform/Ғалымжан Қараман

Бәрінен де кішкентайлар риза. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін балалардың ұлтжанды болып өсіп жатқаны аңғарылады. Ата-аналар арқан тартып, жарысқаннан кейін ұл-қыздары да ұлттық ойынды жалғастырды. Оларға британиялық балалар да қосылды.

анон
Фото: Kazinform/Ғалымжан Қараман

“Ешкім ауырмасын, денсаулық зор болсын және бейбітшілік болсын”, - дейді оқушы қыз Амели Скотт.

анон
Фото: Kazinform/Ғалымжан Қараман

“Әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін”, - дейді тағы бір оқушы қыз Алтыншаш Дипроуз.

аоннн
Фото: Kazinform/Ғалымжан Қараман

Ұлыбританияда бейресми деректерге сәйкес 10 мыңға жуық қазақ тұрады. Студенттермен қатар, отбасылық жағдайымен немесе жұмыс бабымен өмір сүріп жатқан отандастарымыз көп.

Соңғы жаңалықтар