Британиядағы сайлау: TikTok үгіт-насихат алаңы ретінде қолданылуда

тик ток
Коллаж: Kazinform/Ғалымжан Қараманұлы

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама сайлауда жеңіске жету үшін Фейсбукті, Дональд Трамп Твиттерді пайдаланса, қазіргі саясаткерлер үшін TikTok тиімді болып тұр. Ұлыбританияда бірер аптадан кейін өтетін Жалпы сайлау алдында үміткерлер қытайлық қосымшаға арқа сүйеуге мәжбүр. Бірақ бұл әлеуметтік желіде сайлаушыларды жаңылыстыратын жасанды интеллектінің көмегімен жасалған жалған видеолар қаптап тұр, деп хабарлайды Kazinform-ның Ұлыбританиядағы тілшісі.

Бірнеше айға созылған үнсіздіктен кейін премьер-министр Риши Сунак Жалпы сайлау күнін 2024 жылдың 4 шілдесіне белгіледі. Сауалнамаларға сәйкес, Консерваторлар Лейбористерден шамамен 20 тармаққа артта келеді. Билік партиясы тарихта бұрын-соңды болмаған ең нашар нәтиже көрсетуі мүмкін деген болжам бар. Сондықтан Вестминстер сарайындағы парламентарийлердің біразы Торилердің рейтингі өспейінше саяси науқан басталмайды деп ойлаған. Бірақ Сунак сайлау күнін жариялап, депутаттарды таңғалдырды.

Лейбористер, консерваторлар және либерал-демократтар өздерінің сайлауалды кампаниясын қолға алып, әдеттегі әдісіне көшті. Баспасөз мәслихаттарын және партия белсенділерінің акцияларын өткізді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде таргет-жарнама жариялады.

Бұдан бөлек сайлау науқаны жаңа сипатқа ие болды. Негізгі партиялар TikTok әлеуметтік желісін белсенді қолдана бастады. Жеке деректерді қолды қылады деген қауіппен жақында үкімет қытайлық қосымшаны пайдалануға тыйым салып тастаған еді.

Партиялар ішендегі ең белсендісі — Лейбористер. Олардың стратегиясы әзіл-қалжыңға құрылған. Мәселен, бейнероликтердің бірінде «Шрек» мультфильмінің басты жағымсыз кейіпкері, Патшалықтың озбыр билеушісі: «Кейбіріңіз өлуіңіз мүмкін» дейді. Лейбористер, осылайша, әскери қызмет енгізгісі келіп жүрген Торилердің ұсынысын меңзесе керек. Тағы бір қысқа бейнеде ағылшын әншісі Силла Блэк тосын сый туралы әндетеді. Ал төменгі жағында: «18 жасқа толғанда Сунак сені соғысқа жібереді» деп жазылған.

Билік партиясы TikTok желісінде белсенді емес. Оқырманы мен лүпілі аз, қаралым саны мардымсыз. Олар өз бейнелерінде уәделерінің мән-маңызын түсіндіруге тырысады.

«Сәлем, TikTok пайдаланушылары. Саясаттан алшақ әлеуметтік желіге кіргенім үшін кешірім сұраймын. Бірақ бүгін мен маңызды хабарландыру жасағым келеді. Біріншіден, мен сіздерді әскерге жібермеймін. Мен тек 18-дегі және одан жоғары жастағы адамдарға ұлттық қызметтің батыл да, жаңа моделін ұсынамын, ” — деді Ұлыбританияның премьер-министрі Риши Сунак.

TikTok соңғы жылдары жер-жаһанға жылдам тарап, айтарлықтай өсім көрсетіп келеді. Оның тек Ұлыбританияда шамамен 9 миллион қолданушысы бар. Басым көпшілігі 30 жасқа толмағандар. Партиялар саяси белсенділігі төмен және оқшауланған демографиялық топты тарту үшін осы платформаға сенім артып отыр. TikTok аламанында әзірге оппозициялық партия алда келеді.

«Сандарға сүйенетін болсақ Лейбористік партияның жолдаулары сайлаушыларға өтімдірек, бірақ алда әлі не болатыны белгісіз. Контент көбірек жасау керек. Бірнеше аптаның ішінде партиялардың платформаны қалай кәдесіне сәтті жаратқанын көреміз, ” дейді әлеуметтік желілер бойынша сарапшы Шон Топхэм.

Бірақ жас электоратқа жасанды интеллекттің көмегімен жасалған жалған бейнелер жиі ұсынылып жүр. Мысалы, дипфейктердің бірінде Риши Сунак: «Өтінемін, бізге қарсы дауыс бермеңіздер. Әйтпесе дымымызды қалдырмайды!» деп жалынады. Тағы біреуінде саясаткер мемлекет қаржысын қалай оңды-солды шашатынын және достарына қап-қап ақша жіберіп жүргенін айтады. Басқа бейнеде жастар ұлттық қызметке қабылданғаннан кейін қарулы қақтығыстар болып жатқан аймақтарға жіберелітінін хабарлайды.

TikTok компаниясы Жалпы сайлау орталығын ашқанын айтып ресми мәлімдеме жасады: TikTok Ұлыбританиядағы Жалпы сайлау алдында жалған ақпаратпен күресу үшін фактілерді тексерумен айналысатын сарапшылардың санын көбейтіп, осы салаға құйылатын инвестиция көлемін арттырды. TikTok, сондай-ақ сайлауға шетелдік сыртқы күштердің араласуына қарсы саясат ұстанады және жалған бейнелердің 99 пайызын қолданушылар көрмей тұрып жояды».

«Қосымшаның форматы саяси жарнаманы орналастыру және сайлаушылармен байланыс орнату үшін ыңғайлы орын емес. TikTok-тың басты ерекшеліктерінің бірі — қосымшаны қолданушы тез жалығып кетеді. Егер сіз қаралымның алғашқы екі секундында-ақ біреудің назарын аудара алмасаңыз, қолданушылар келесі видеоға аттап кетеді», - дейді технология, жасанды интеллект және цифрлық мәдениет тақырыбында жазып жүрген журналист Крис Стокел-Уокер.

Сондықтан бейнелер көбіне құлаққа жағымды музыка және тартымды арнайы эффектілермен әрленуі тиіс. Осылайша, платформа ресми саяси мәлімдемелер жасау үшін ұтымды құрал болмауы мүмкін.

Партиялар TikTok-тың бұл ерекшелігі жайлы жақсы біледі. Сондықтан да болар Консерваторлар, Лейбористер және Либерал-демократтар дауыс беру күніне алты апта қалғанда ғана Қытай қосымшасына тіркеліп отыр.

Бірақ партиялар әлі де әлеуметтік желілердің күшіне сенетіні анық. 2008 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауы кезінде Барак Обама Facebook-ты белсенді пайдаланды. 2019 жылғы соңғы сайлауда Ұлыбританияның саяси партиялары Meta және Google сияқты онлайн платформалардағы жарнамалық құралдарға қатты тәуелді болды. Бірақ олардың бұл әдісі сайлаушылардың дауыс беруіне қаншалықты әсер еткені нақты белгісіз.

2024 — сайлаулар жылы. 63 елде 3 миллиардқа жуық адам дауыс береді. Сондықтан әлемдік көшбасшылар мен саяси партиялар TikTok-қа иек артпақ. Тіпті платформаға тыйым салғысы келген АҚШ президенті де осында жүр. Мемлекет және үкімет басшылары қытайлық қосымшаны жақтырмауы әбден мүмкін, бірақ онымен санасуға тура келеді. Өйткені жас электораттың тик токта отыратынын егде жастағы саясаткерлер жақсы түсінеді.

Соңғы жаңалықтар
telegram