Британиялық тәжірибе: Лас ақша айналымымен күресу жолдары
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Ұлыбританияда қылмыстық жолмен келген кірістерін заңдастырғысы келетіндер қатаң жазаланады. Дәулеттілер байлығының қайдан келгенін түсіндіре алмаса, заң алдында жауап беруі керек. Қитұрқы жолмен байып кеткендерді Тұманды Альбион билігі қалай жүгендейтінін ҚазАқпарат тілшісі зерттеп көрді.
Ұлыбританияда бір күнде банктен есеп-шот ашу мүмкін емес. Қаржылық институт жаңа клиентін бір апта көлемінде жіті тексереді. Өйткені, оның лас ақша айналымына қатысы болуы мүмкін. Қылмыстық жолмен келген кіріс туралы заң талаптары қатаң.
«Ақшаның шығу тегін жасырғандар бас бостандығынан айырылып, көп көлемде айыппұл арқалайды. Қылмыс ауыр болған жағдайда, айыпталушы 14 жылға дейін сотталуы мүмкін. Оның шоттары бұғатталады және қаражаты тәркіленеді. Айыппұлдың көлемін судья анықтайды», - дейді заңгер Адриан Эйсса.

Тұманды Альбионда ақшаның ізін жасыру ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірумен тең. Өйткені, лас ақша терроризмді қаржыландыруға жұмсалуы мүмкін. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Ұлыбританияда шығу тегі беймәлім қаражаттың көлемі жылына 90 млрд фунтқа дейін жетеді екен.
«Банктің немесе инвестициялық компанияның қызметкері барлық күдікті операциялар бойынша қадағалаушы органға есеп беріп отыруға міндетті. Талап орындалмаған жағдайда, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы және айыппұл төлеуі мүмкін», - дейді қаржы сарапшысы Тони Данжел.

«Үлкен үй-жайларға көбіне ресейлік, малайзиялық, тайлық, нигериялық және тайваньдық миллиардерлер иелік етеді деген пікірлер айтылып жүр. Араларында қазақстандықтар да болуы мүмкін. Бірақ олардың есімдері ешбір жерде ресми айтылмайды. Лондон - лас ақшаның ізін жасырудың әлемдік ортылығына айналғандай», - дейді Лондон король колледжі университетінің профессоры Патрик Бойл.

Өткен жылдың екінші жартысында Ұлыбританияның Салық және кеден комитеті заң талаптарын орындамаған 240 кәсіпорынға шара қолданыпты. Оларға барлығы 3 миллионнан астам стерлинг фунты көлемінде айыппұл салынған.