Британиялық жастардың әрбір оныншы азаматы өзін мұсылман санайды
АСТАНА. 19 мамыр. ҚазАқпарат - 2011 жылы жүргізілген Ұлыбританиядағы халық санағы британдықтардың арасында христиандардың қарасы азайып, Исламның кең таралып келе жатқанын көрсетіп берді, деп хабарлайды muslim.kz.
«Айтарлықтай өзгерістер бар. Бұдан кейінгі халық санағы мына өзгерістің деңгейіне жете алмайды», - деді Оксфорд университетінің демография профессоры Дэвид Коулман TheTelegraph-қа берген сұхбатында.
Өткен жылы жарық көрген халық санағының алғашқы нәтижесі көрсеткендей, өздерін «христианбыз» деп атаған Англия мен Уэльс тұрғындары 4,1 млн адамға, яғни 10%-ға кеміген.
Десе де, әлеуметтанушылар статистикаға басқа қырынан қарап, христиандардың қатары 1,2 млн адамға артқанын анықтады. Таяу Шығыс пен Африкадан келген иммигранттардың есебінен артып отырғанын да жасырмады. Алайда, байырғы британдықтардың арасында христиандардың қарасы 15 пайызға азайған.
Англия мен Уэльс мұсылмандарының қатары 600 мың иммигрант мұсылманның есебінен 75 пайызға дейін күрт өскен. Осындай өзгерістерге байланысты қазіргі уақытта 25 жастан кіші әрбір оныншы британдық өзін мұсылман санайды.
Британдық мұсылмандардың жартысына жуығы 25 жас мөлшерінде, ал христиандардың ширегі 65 жастан асып кеткенін айта кету керек.