Британиялықтар қазақтың ұлттық тағамдарын даярлауды үйреніп жүр
ХІХ ғасырда еуропалықтардың ішінен бірінші болып Қазақстанды зерттеген британиялық саяхатшылар Томас және Люси Аткинсондардың ұрпақтары ата-бабасының ізімен өткен жылы Алматы облысына саяхаттады. Бұл сапарда олар жергілікті халықтың қонақжайлығына және ұлттық ас мәзіріне тәнті болған екен. Британияға оралған соң қазақ тағамдарын сағынғанымен, дүкеннен бауырсақ іздеп таба алмаған. Қазақ студенттерінің шеберлік сабақтарынан кейін олар тек бауырсақ қана емес, ыстық тағамдар да дайындап үйренді.
«Меніңше, қазақтың ұлттық тағамдарын пісіру оңай, дәмі тіл үйіреді. Қарапайым дайындалатын ас мұндай тәтті болады деп кім ойлаған?!», -дейді педагог Джил Браун.
Қазақстандағы естен кетпес саяхаттан кейін британиялықтар достары мен туысқандарын жинап Ұлы дала елі туралы, оның мәдениеті мен дәстүрлері жайлы жайып салады. Таныстырылымдарынан соң жақындарының да қазақтың ұлттық ас-мәзіріне деген қызығушылығы оянады.
«Бұрын-соңды жылқының етін жеп көрмеген британиялықтар қазының дәмін ұнатып қалды. Кейбіреулері үйінде жылқы бағып отырғанымен, соғымға әзірге жіберуге дайын емес. Өйткені үй жануарлары олар үшін отбасыларының құрамдас бөлігі», -дейді несие менеджері Лиз Браун
Британиялықтар кейбір қазақ тағамдарын өте құнарлы санайды. Бірақ Қазақстанға келгенде толық адамдарды көптеп кездестірмегендеріне аң-таң. Ағылшындар мұны жылқы етінің құрамында ағзаға күш-қуат беріп, семіздікке апармайтын цинк пен протеиннің көптігімен түсіндіріп отыр. Нағыз қазақтар сияқты ас әзірлеп үйренсе де, оларға кейбір сөздерді айту оңайға соқпайтын сыңайлы. Бұл күні жас буын өкілдері де ұлттық тағамдарға деген қызығушылық танытты. Әсіресе, олар Ұлыстың ұлы күні дайындалатын наурыз көжені ұнатып қалды.
Әдетте үнемді келетін ағылшын дастарханы бүгін ерекше жайнап кетті. Дастарханда бауырсақ пен шелпек, наурызкөже мен қуырдақ, тіпті ет тамақ та бар.
Британиялықтардың қазақ дәстүрлерін меңгеріп алғандары соншалық, кетерде қонақтарға сарқыттан салып беруді де ұмытқан жоқ. Ағылшындар келер Наурыз мерекесінде де таң қалдыруға дайын. Олар қазақ тағамдарын дайындап қана қоймай, киіз үй құрып, ұлттық ойындар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.