Британияның Еуропалық Одақтан шығуын 2019 жылға қалдыруы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Британияның Еуропалық Одақтан шығуы 2019 жылдың соңына қалдырылуы мүмкін, себебі бұл үдеріске жауапты мекеме дайындалып үлгермейді. Бұл жөнінде The Sunday Times газетіне сілтеме жасап, ТАСС агенттігі хабарлады.
Әзірге Еуропа одағына мүше елдің одақтан шығу механизмін қарастыратын Лиссабон келісімінің 50 бабын қолдану туралы келіссөздер жүргізу 2017 жылға жоспарланған.
«Саяси қысымға қарамастан, Еуропа одағынан және халықаралық саудадан шығумен айналысатын мекеме дайын болмағандықтан, оған (премьер- министр Тереза Мэйге) үдерістің басталуын кейінге қалдыруға тура келеді», - деп жазды The Sunday Times газеті.
Бұған дейін елдің одақтан шығу рәсімі 2019 жылдың басында аяқталады деп болжанған еді.
23 маусымда болған референдумде британдықтардың көпшілігі Ұлбританияның Еуропа одағынан шығуын қолдап дауыс берді. Шығу рәсімі екі жылға созылуы мүмкін деп болжанған.