Британияның қалалық мәжілісі Құран оқумен басталды
АСТАНА. 26 ақпан. ҚазАқпарат - Британиялық Брайтон қаласында «қалалық кеңес мәжілісін бастамас бұрын Құран оқудың қажеті бар ма, жоқ па?» деген мәселе қызу пікірталасқа ұласты.
Брайтон қаласының мэрі қалалық кеңес мәжілісіне мұсылмандардың жетекшісін шақырып, жиынды Құранмен бастаған көрінеді. Әкімнің бұл парасаттылығы кейбір жиын өкілдерінің «қытығына» тисе керек. Ұлыбританияда және кейбір елдерде қандай мәжіліс болмасын, дінбасыларын шақырып, дұға оқытатын дәстүр қалыптасқанын айта кету керек. Бұл туралы muslim.kz сайты жазады.
«Мен Саммерс пен өзге де кеңесшілердің жөнсіз қылығына қынжыламын», - деді Брайтон шаһарының мэрі Билл Рэндалл «Muslim News»-ке берген сұхбатында. «Брайтон энд Хоув сан алуандығымен ерекшеленеді. Мэр ретінде мен қаланың осы ерекшелігін назарға алып, шаһардағы діндердің арасын жақындастыруым керек», - депті әкім.
«Құран оқу мәжіліске қатысты рәсімге жатпайды. Кеңес құрамында бірде-бір мұсылман немесе араб тілінде сөйлейтін адам жоқ», - деп мәлімдеді Кристина Саммерс.
Алайда, мэр кеңес құрамында мұсылманның бар-жоғынан бұрын Брайтондағы мұсылмандар жамағатының барына назар аударып отырғанын айтты.