Бритни Спирстің әндері қарақшыларды үркітудің құралына айналды
АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның Әскери-теңіз флоты Бритни Спирстің әндерін сомалилік пираттарды үркітуге пайдаланады.
Бұл туралы The Mirror басылымы хабарлады деп жазады Newsru.com порталы.
Ағылшын әскерилерінің құпиясын сауда флотының 34 жастағы офицері Рэйчел Оуэнс жария етті. Оның айтуынша, Африканың шығыс жағалауында қарақшыларды үркіту үшін америкалық әншінің атақты «Baby One More Time» және «Oops! I Did It Again» хиттері қолданылып жүр.
«Тәжірибе бұл әдістің пираттарды сабасына түсіруде өте тиімді екенін көрсетіп отыр. Батыс музыкасына деген жеккөрініш оларды жағалаудан аулақ кетуге мәжбүрлейді», - дейді Оуэнс. Ағылшын және американ күш құрылымдарында музыканы бүлікшілерді басуға қолдану тәжірибесі бары арагідік айтылып қалады. Ал бес жыл бұрын Гуантанамо тұтқындары түрме қызметкерлерінің өздерін рок-музыканы тыңдатып қойып, азаптағанын айтқан еді, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.