Бірқатар елмен Қазақстаннан барған жұмысшылардың құқығын қорғау келісімдері бекітілмек
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақстаннан барған жұмысшыларды Қатарда жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімге қол қою туралы» ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев мәлім етті.
«Қазақстаннан келген еңбек мигранттарының еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, сондай-ақ Израильмен келісімдер жасасу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл құжаттар осы елдердегі Қазақстан азаматтарының еңбек қызметі мәселелерін реттейді. Қазіргі кезде «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар мемлекетінің Үкіметі арасындағы Қазақстаннан келген жұмысшыларды Қатарда жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімге қол қою туралы» ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданды», - деді А.Ертаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бұған қоса, Қазақстан азаматтарының шетелдегі еңбек қызметін ұйымдастыру бөлігінде жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерінің қызметін реттеу тетіктері қайта қаралып жатыр.
«Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында қазақстандықтарды сапарға дейін оқытуға арналған орталықтар құрылды. Оның негізгі міндеті – шетелде жұмысқа орналасқысы келетін кандидаттарды тілдік курстардан өткізу, кәсіби біліктілігін арттыру», - деді вице-министр.
Өз кезегінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин еліміздің азаматтары көбінесе Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия және БАӘ-де жұмыс істеп жатқанын айтты. Биыл 135 мың қазақстандық шетелде жұмыс істеп жүр.