Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі Газада атысты тоқтату туралы қарар қабылдады

Газа
Фото: ЦАХАЛ (Израиль қорғаныс күштері)

АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі алғаш рет Газа секторында атысты тоқтатуды және кепілге алынған адамдарды дереу босатуды талап ететін қарар қабылдады. Құжатты 14 мемлекет қолдады, АҚШ қалыс қалды. 

BBC News-тің хабарлауынша, 25 наурызда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Газа секторында «тез арада атысты тоқтатуға» шақыратын қарар қабылдаған. 

Сондай-ақ құжат барлық кепілге алынған адамдарды дереу босатуды талап етеді. Бұл - 2023 жылдың қазан айында ХАМАС Израиль аумағына шабуыл жасағаннан кейін Израиль мен ХАМАС арасында соғыс басталғаннан бері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдаған мұндай алғашқы шақыру. Бұған дейін Қауіпсіздік кеңесінің Газада атысты тоқтатуға шақыратын қарарларына тосқауыл қойған АҚШ бұл жолы дауыс беруден қалыс қалды, деп жазды The Guardian.

Қабылданған резолюцияны кеңестің тұрақты емес 10 мүшесі жазып, Мозамбик өкілі ұсынған. Қауіпсіздік кеңесінің 14 мүшесі құжатқа дауыс берді.

– Қауіпсіздік кеңесі жақында ғана Газа секторы бойынша көптен күткен қарарды мақұлдап, тез арада атысты тоқтатуды және барлық кепілге алынғандарды дереу әрі сөзсіз босатуды талап етті. Бұл қаулы міндетті түрде орындалуы керек, - деп жазды БҰҰ басшысы Антониу Гутерриш. 

 

Соңғы жаңалықтар