Біріне жұмыс жоқ, біріне маман жетіспейді: Қарағанды өңіріндегі еңбек нарығының ахуалы

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысының еңбек нарығында мамандарға сұраныс пен ұсыныс арасында айтарлықтай алшақтық бар. Бірқатар мамандық иесі өз саласы бойынша жұмыс таба алмай жүрсе, медицина, білім беру және өндіріс салаларында білікті кадрларға қажеттілік жоғары.

Біріне жұмыс жоқ, біріне маман жетіспейді: Қарағанды өңіріндегі еңбек нарығының ахуалы
Фото: Kazinform/ЖИ

Қарағанды облысының статистикалық деректеріне сүйенсек, заңгерлер арасында жұмыс іздеушілер саны бос жұмыс орындарынан бірнеше есе көп. Қазір өңірде осы мамандық бойынша 225 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал жұмыс берушілер небәрі 40 бос орын ұсынып отыр. Экономистерге қатысты жағдай да осыған ұқсас: 21 бос орынға 85 адам үміткер.

Менеджерлер арасында бәсеке бұдан да жоғары. Бұл салада 638 адам жұмыс іздеп жүр, алайда бос жұмыс орындарының саны — небәрі 38. Бағдарламашыларға да жұмыс табу оңай емес. 170 маманға бар болғаны 15 бос жұмыс орны ұсынылған.

Ал әлеуметтік салада жағдай мүлде басқаша. Өңірде жалпы практика дәрігерлерінің 136 маманы, 153 мұғалім және 95 тәрбиеші жетіспейді. Сондай-ақ дәнекерлеуші, токарь, слесарь және электр монтері сияқты техникалық мамандық иелеріне сұраныс жоғары.

Бұл деректер еңбек нарығындағы сұраныс пен мамандар даярлау жүйесі арасында алшақтық бар екенін аңғартады. Яғни оқу орындарында даярланатын мамандардың саны мен таңдаған мамандықтары жұмыс берушілердің нақты қажеттілігіне үнемі сәйкес келе бермейді. Соның салдарынан бір салаларда кадр тапшылығы күшейсе, екінші бағыттағы мамандар өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүр.

Осы мәселенің алдын алып, еңбек нарығындағы ахуалды дәлірек болжау үшін Қарағанды облысында кадрларға деген сұранысты анықтайтын цифрлық жүйе әзірленіп жатыр. Жүйе бос жұмыс орындары, жұмыссыз азаматтар, кәсіпорындардың кадр қажеттілігі, колледждер мен жоғары оқу орындары түлектері туралы мәліметтерді өзара салыстырады. Осылайша өңірдегі қазіргі жағдайды бағалап қана қоймай, алдағы жылдары қандай мамандарға сұраныс артатынын да алдын ала анықтауға мүмкіндік туады.

Жұмыс берушілердің болжамына сәйкес, 2026–2029 жылдары Қарағанды облысының кәсіпорындары мен ұйымдарына 20 877 қызметкер қажет болады. Ал 2026 жылдың өзінде өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарын 13 846 маман тәмамдайды.

Дегенмен бұл көрсеткіштер кадр тапшылығы өздігінен шешіледі дегенді білдірмейді. Мәселе тек мамандар санында емес, олардың алған білімінің еңбек нарығындағы нақты сұранысқа сай болуында. Сондықтан түлектерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша даярлау және жұмыс берушілердің білікті кадрларға қол жеткізуіне жағдай жасау маңызды.

Алдағы уақытта цифрлық жүйе жинақтаған мәліметтер білім беру бағдарламаларын қайта қарау, мемлекеттік білім беру гранттарының қажетті санын айқындау және мамандар даярлау жоспарын қалыптастыру кезінде ескеріледі.

Бұған дейін Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемді алу тәртібі өзгеретінін хабарлаған едік.