Бірнеше өңірде топырақ әлі еріген жоқ – Қазгидромет

Бірнеше өңірде топырақ әлі еріген жоқ – Қазгидромет
Фото: ҚР Үкіметі

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай, Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының кей аудандарында топырақ әлі еріген жоқ. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова айтып берді.

«Қостанай облысының солтүстігі мен орталығында топырақтың қату тереңдігі бұрынғысынша 75-84 см-ден 140-150 см-ге дейін сақталуда. Солтүстік Қазақстан облысында қату тереңдігі біркелкі емес – тереңдігі 40-112 см аралығында өзгереді», - деді спикер Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингіде.

Ақмола облысында топырақтың толық еруі Аршалы, Ерейментау, Егіндікөл, Қорғалжын және Сандықтау, Зеренді аудандарында байқалады.

Ал Атбасар, Есіл, Астарахан аудандарында орта есеппен 30-дан 75 см-ге дейінгі қабатта, Біржан сал, Целиноград, Шортанды, Ақкөл, Жақсы, Бурабай аудандарында және Көкшетау қаласының маңайында қату тереңдігі 109-166 см, еруі – 30-56 см.

Қарағанды облысында тек Осакаров ауданында 44-150 см топырақ қатқан.

«Павлодар облысында – қатқан топырақ қабатының қалыңдығы 30-40-тан 140 см-ге дейін, кей жерлерде 200 см-ден асады. Ал облыстың солтүстік-шығысында 275 см дейін жетеді. Толық еру Ертіс және ішінара Павлодар, Ақтоғай, Шарбақты аудандарында байқалады. Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында Бесқарағай, Бородулиха, Ұлан, Катонқарағай аудандарында 72–100 см дейінгі топырақ қатуы тіркелген. Глубокое және Алтай аудандарында – 32-43см. Қалған аумақтарда топырақ толығымен еріген», - деді Қазгидромет өкілі.

Соңғы жаңалықтар