Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу: ШҚО-да халықтың жұмыс графигі өзгертіле ме

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге байланысты халықтың жұмыс графигі өзгертілуі мүмкін. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев мәлім етті.

часовой пояс
Фото: pixabay

- Мұндай шешім тек жағдайды саралап, тұрғындардың пікірі ескерілгеннен кейін ғана қабылданады. Әзірге нақты ештеңе айта алмаймыз. Бірақ халықтың жұмыс графигі өзгертілуі мүмкін. Соған байланысты қоғамдық көліктердің, балабақшалардың, мектептер мен емханалардың жұмыс уақыты да өзгеріске ұшырауы ықтимал, - деді ол ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз конференциясында. 

Әкімнің айтуынша, қазір әр мекемеде жұмыс кестесі әртүрлі. Мәселен, кейбір балабақшалар 8:00-де, кейбіреулері 7:30-да ашылады. Сондықтан облыс бойынша бірыңғай кешенді шешім қабылдау қажет.

- Бұрын жазғы және қысқы уақытқа көшіп өмір сүргеніміз есімізде. Бұл мәселеде де жан-жақты талқылаулар жүргізіп, бір шешім қабылдауымыз керек, - деді Ермек Көшербаев.

Еске салсақ, осыған дейін Өскемен қаласындағы экология мәселесін шешу үшін арнайы бюро құрылып, бақылауды күшейту көзделіп отырғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар